Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Informburo порталына берген сұхбатында азаматтық некеге деген көзқарасын білдірді. Айтуынша, бұл адамды жақынырақ танып білуге көмектеседі және ажырасуды азайтады. Мұнымен қатар ол жеке кеңістік туралы сауаттылықты арттырудың маңыздылығына тоқталды. 

"Мені осы сөздерім үшін дәстүрлі отбасы моделін жақтайтындар жек көретін шығар. Бірақ шетелде отбасын құрғанға дейін бірге тұрып көру – кең таралған тәжірибе. Біздің менталитетте қыз бен жігіттің некелескенге дейін бірге тұруы "ұят" деп саналатынын білемін. Бірақ адаммен бірге тұрған кезде бұрын байқамаған көп қасиеттерді көре бастайсыз. Үш сағат бірге болдыңыздар делік. 3-4 сағат ішінде екі тарап та өзін мінсіз етіп көрсетеді: ешкім жел шығармайды, кекірмейді. Ал адаммен бірге тұрып бастағанда ар жағында тұрғанның барлығын көресіз... Оның үстіне абьюзер, біріншіден, тамаша жасыра біледі, екіншіден, мұны әдемі жасайды. Гүлдер, сыйлықтар және әдемі сөздермен безендіріп қояды. Бұлар жанға жағатындықтан, ұнатып қаламыз. Ал бірге тұрып көрген кезде жағдай басқаша болады. Ол жерде теріс қарым-қатынас болса, бірден көрінеді. Меніңше, бұл тамаша тәжірибе, бұл ажырасуды азайтатын еді деп ойлаймын", – деді Айтбек Амангелді. 

Мұнымен қатар ол тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға енгізілген түзетулерді толығымен құптайтынын айтты. Осы орайда психологиялық көмекке жүгінуі тиіс бұзақыларға мемлекеттің көмектескені абзал екенін, әйтпесе бұл баптан еш пайда болмайтынын алға тартты. 


Оқи отырыңыз: Айтбек Амангелді Бишімбаев туралы: Қазір Салтанаттың өзі оны темір торға тоғытуға көмектесіп жатқандай


"Мен бірнеше рет заң нормаларын талдаған болатынмын. Заңды қабылдап қойды, бірақ маған әлі күнге дейін абьюзерді отбасынан алыстатын норманың жоқ екенін айтады. Алып көрсетуге тура келеді – міне 54 бапта: 30 күнге дейін басқа жерге көшіре алады. Қазіргі редакцияда агрессордың тұратын жері болса, ал жаңа редакцияда тұратын жерінің бар-жоғына қарамайды. Агрессордың қайда тұратыны өз мәселесі. Мен мұны әділ жаза деп білемін. Сот өз шешімімен агрессорды психологқа жүгінуге міндеттеуі қажет.  Менің ойымша, мемлекеттің бұған көмектескені абзал, өйткені егер оның психологқа ақшасы болмаса, онда бұл баптан еш пайда жоқ. Осы заңды енгізу барысында аргументтердің бірі мынадай болды: "Сіздер барлығын отырғызбақсыздар ма? Жарты Қазақстанды отырғызайын деп тұрсыздар ма?". Бірақ зорлық-зомбылықтың түрі әртүрлі болады, сәйкесінше жаза да әртүрлі", – деді ол. 

Ары қарай ол көптеген ер азаматтың жеке кеңістік туралы түсінігі жоқ екеніне тоқталды. Өзінің де бұрын-соңды бұл тақырыпты тереңінен зерттеп көрмегенін жасырмады. 

"Бірінші қадам – бұл сауат ашу. Көп ер азамат жеке кеңістікке өтіп кеткенін түсінбейді. Жақында ешкім мазаламасын деп көзілдірік тағып, құлаққапен кетіп бара жаттым. Маған бір жас жігіт жүгіріп келіп: "Айтбек, сәлеметсіз бе" деп қолын созды. Қолын алдым. Ол маған: "Біз сіздер үшін алаңдап отырмыз, сіздерді қолдаймыз. Сотта жеңіс тілейміз" деді. Мен күліп: "Рахмет, қолдауларыңыз үшін алғысым шексіз" дедім. Ол маған ілесіп: "Сізге өтініш айтсам бола ма?" деді. Бірге суретке түскісі келетін шығар дедім. Еш айып көріп тұрған жоқпын, келістім. Бұл қалыпты дүние деп ойлаймын. 

– Сізбен видео түсірсек бола ма? Қызымнан мені кешіруін сұрап бере аласыз ба?

– Әрине, жоқ. 

– Жоқ, сіз мені ұрды деп ойламаңыз. Мен бар болғаны одан туған күннен ертерек келуін өтіндім, ал ол келмеді.

– Сенің тарапыңнан мұның абьюз екенін түсінесің ғой?

– Олай емес. Мен бар болғаны ерте келуін өтіндім, ал ол келмеді. Осы үшін ұрысып қалып отырмыз.

– Біріншіден, қыз баласы сенің жекеменшігің емес сен қалаған уақытта келетіндей. Ол өз алдына бөлек тұлға. Қайда және қаншада болатынын өзі шеше алады. Екіншіден, орныңа маған кешірім сұратуың ер жігітке жараспайды. Бұл сенің мәселең, өзің шеш. Бұл ол кешіру үшін қысым жасаудың бір түрі. Және қазір мені осы мақсатта пайдаланбақшысың. 

Ол тіпті өзінің не сұрап тұрғанын, өтінішінің неге дұрыс еместігін түсінбей тұр. Көп ер адамның мені түсінбеуі мүмкін екенін жақсы білемін. Өзім де бұл тақырыпқа тереңінен үңілген емеспін. Ер азаматтар қыз бала үшін бұл әлемде өмір сүрудің қаншалықты қорқынышты екенін түсіне алмай өтетін шығар", – деді Айтбек Амангелді.