Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, оқу орындарына академиялық еркіндік беру 2018 жылдан бастап жоғары оқу орындарында, ал 2021 жылдан бері колледждерде енгізілсе, ендігі кезекте мектептерде қолданылмақ. Жоба пилоттық режимде жүзеге асырылады.

Академиялық еркіндік мектептердің бәріне бірдей берілмейді. Еркін болуы үшін мектеп Ұлттық білім академиясының міндетті қолдауына жататын қажетті ресурстар мен әлеуетке ие болуы керек.

"Оқу жоспарының вариативті компоненті оқушылардың қажеттіліктері мен ерекшеліктеріне қарай ұлғаяды. Яғни, мектептерде оқушылардың білім қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, мазмұнын анықтай алады. Олар үлгілік оқу жоспарын қатаң ұстанбайды, бірақ мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында көрсетілген оқу нәтижелеріне қол жеткізу талап етіледі", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз: Республикалық пән олимпиадаларының форматын "Дарын" орталығы айқындайды


Оның түсіндіруінше, мектептер мемлекеттік стандартта айқындалған келесі үш нәтижеге қол жеткізуі тиіс:

  • құндылықтарды, мысалы, азаматтық, еңбексүйгіштік, сыйластық, білімге ұмтылу;
  • сыни және креативті ойлау ретінде құзыреттіліктерді дамыту;
  • пәндер мен білім деңгейлері бойынша оқыту нәтижелерін көрсету.

Оқу министрінің айтуынша, қазір мұндай автономияға тек халықаралық мәртебесі бар мектептер ғана ие. Ал Қазақстандағы жекеменшік мектептер саны 500-ден астам. Олар мемлекеттік стандарт және үлгілік оқу бағдарламаларын енгізуге міндетті. Осындай қатаң реттеуге байланысты олар өздерінің инновациялық мазмұнын қосымша сабақтар арқылы қамтуға мәжбүр. Бұл балаға түсетін жүктемені арттырады.

"Мұндай әдіс-тәсіл бізге білім беру мазмұнының көптеген түріне көшуге мүмкіндік береді. Әртүрлілік тек оқытудағы инновациялық тәсілдерді ынталандыру, үздік тәжірибелер мен бағдарламаларды табу үшін қажет", – деді министр.