Алматыда суретші Айнұр Сейіткерімованың Scent of a woman аталатын көрмесі ашылды. Көрме атауы қазақшаға аударғанда "Әйелдің иісі" деген мағынаны білдіреді. GaKa space арт-студиясындағы көрмеге 30 жұмыс қойылған, картиналарды 3 мамырға дейін көруге болады. 

Айнұр Сейіткерімова өзінің алғашқы көрмесіне 7 жыл бойы дайындалған. Scent of a woman – босанғаннан кейінгі әйел адамның құбылмалы көңіл-күйін бейнелейді. Картиналарда әйелдер мен ерлер арасындағы өзара қарым-қатынас, өзіңді іздеу мен өнер арқылы ішкі үндестікке жету бейнеленген. 

Қазақстандық суретші Айнұр Сейіткерімова шығармашылық әлемінде Nura Amir атымен танымал. Ұстазы – суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері және Суретшілер одағының мүшесі Кенжебай Дүйсенбаев. Оның жұмыстары Третьяков галереясында, Әбілхан Қастеев мұражайында тұр. 

Айнұр Сейіткерімованың шабыты тұңғыш баласы дүниеге келген соң 4-5 айдан кейін ашылған. Бүкіл картинасын тек түнде ғана салған, өйткені бұл уақытта толық тыныштық орнайды. 

Алайда суретшінің бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен қылқалам ұстаған кездері де болған. Бұл уақытта суретші босанғаннан кейінгі ауыр депрессияға ұшырағанын жасырмады. Көрмеде суретшінің құрсағына бала біткен сәттен екі баланы өмірге әкелген сәті қамтылады.


Оқи отырыңыз: "Ең адал адам топыраққа жақын болады". Шебер қыш өнерінің қасиеті жайлы


Суретші Айнұр Сейіткерімова

"Депрессияны басымнан өткердім, әрдайым мазасыз болдым, осы кезде сурет салуым керек екенін түсіндім. Шынайы өмірді сала бастадым, ештеңені ойдан шығармадым. Менің өмірімде бір дүниелер қайталана берді. Кейін тек өз балаларыма ғана емес, көшедегі балаларға да назар аударатын болдым", – дейді Nura Amir. 

Суретшінің сөзінше, өзін ауыр күйзелістен алып шыққан дүние – өнер. 

"Мен үшін шығар жалғыз жол – сурет еді. Сурет сала бердім. Сол кезден бастап жан-дүнием емделіп, арт-терапия сияқты әсер ете бастады. Маған өте көмектесті. Біртіндеп бұл күйден шыға бастадым. Баланы қолыңа ұстап тұрып, оған тамақ бересің. Дәл осы сәтте балаңды асүйде біреу пышақтап жатқандай көрініс көз алдыма келетін. Қорқынышты кинолар көрмеймін, алайда миымда сондай қорқынышты бейнелер болатын", – деді суретші. 

Суретші жалаңаш денені көп салады. Оның сөзінше, жалаңаш денеге киім кигізгенде қызықсыз болып қалатын секілді. Сондықтан көптеген картинасында жалаңаш ересек адам да, бала натурасы да көрініс табады.