Жаңа жыл қарсаңында Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақыру қызметіне сұраныс артты, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бірақ биыл ата-аналар балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін біраз ақша дайындауы керек. Себебі, баға қымбаттаған. Осы кәсіпті нәсіп еткен жандар бір шақыртуға 100 мың теңгеге дейін алады екен. 

Жаңа жыл қарсаңында балаларға мерекелік көңіл күй сыйлауды кәсіпке айналдырғандардың бірі – Қанат Айтбай. Ол жыл сайын сұранысқа ие бағдарламалар әзірлейміз дейді. Тіпті, ата-аналар тарапынан шақыртудың көптігінен 31 желтоқсанға бос орын қалмапты. 

"Бізде 20-сы мен 30-ы аралығында бір тариф. Бұл 25 мың теңге. 31-і күні тариф мүлдем өзгереді. 31-і күні таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейін бізде 50 мың теңге, Кешкі сағат 10-нан түнгі сағат 1-ге дейін жаңажылдық түн дейміз ғой осы кезде тариф 150 мыңға өседі бізде. Жыл сайын костюм ауыстырамыз, жыл сайын программа ауыстырамыз", – дейді аяз ата Қанат Айтбай. 

Мамандардың айтуынша, бағаның қымбаттауына бағдарламаның мазмұны, кейіпкерлер саны, костюм сапасы және сұраныстың көптігі әсер етеді. Дегенмен, барлық ата-ана бірдей Аяз ата мен Ақшақарды шақыруды міндет санамайды. Кейбірі баланың жасы өскен сайын қызығушылық азаяды дейді. 

Дегенмен, Жаңа жыл балақайлар үшін ғажайыпқа толы мереке. Аяз атаны шанамен ұшып келіп, сыйлық беретініне сенбесе де, бұл күнді бүлдіршіндер асыға күтеді. 

Қазақстанда Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақырудың орташа бағасы өңірге қарай әртүрлі. Мәселен, Алматыда — шамамен 60 мың теңге, Астанада орташа баға 35 мың теңге, ал Түркістанда — 37 мың 500 теңге. Өзге аймақтарда 30 мың теңге және одан төмен.