Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы қымбаттайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов мәлімдеді.

Болат Ақшолақовтың айтуынша, көрші елдердегі жағдай Қазақстанның ішкі нарығына да әсер етіп отырады.

"Көрші елдердегі баға күрт көтерілген кезде, біз дизель өндіру көлемін арттырсақ та, күз айларында оның тапшылығын қайта көрдік. Осы жылы да бағадағы айырмашылық сақталып отыр. Нәтижесінде өткен жылғы наурыз айымен салыстырғанда тұтыну көлемі 15 пайызға артқанын көріп отырмыз. Бұл жағдай сақтала берсе, онсыз да шетел асып отырған қазақстандық дизельдің көлемі арта түсіп, биылдың өзінде 850 мың тонна дефицитке тап болуымыз мүмкін. Аталған себептерге байланысты Қазақстан арзан отынмен басқа елдердің экономикасын субсидияландырып, өз ұлттық мүддесіне зияны тиіп жатыр деп айтуға толық негіз бар", – деді ол. 


Оқи отырыңыз: Әлихан Смайылов: Бензин мен дизель басқа тауарлар ретінде сыртқа шығарылған


Энергетика министрлігінің бұйрығы жобасына сәйкес бензин мен дизельдің бөлшек саудадағы шекті бағасы өседі:

  • АИ-92 және АИ-93 бензині үшін – литріне 182-187-ден (өңірге байланысты) 205 теңгеге дейін (өсім 11%);
  • дизель үшін – 230-260 (аймаққа байланысты) литріне 295 теңгеге дейін (орташа өсім 20%).

Болат Ақшолақов бұған дейін өндіріс көлемін ұлғайту арқылы тапшылық ішінара "жабылып" келгенін, қазір отандық мұнай өңдеу зауыттары өз шегінде жұмыс істеп жатқанын айтты.

"Жанар-жағармайдың ішкі нарығын тұрақтандыру үшін Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы баға айырмашылығын азайту қажет. Сондықтан біз қиын, бірақ сонымен бірге қажетті қадам жасауымыз керек. Ол – бөлшек саудадағы шекті бағаны көтеру", – деді министрдің міндетін атқарушы.