Әшімбаев: Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары – ұлт ретінде өсуіміздің жарқын көрінісі
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенат отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауына қатысты пікір білдірді.Оның айтуынша, өңірлердің мүддесі Қазақстан дамуының ең басты басымдықтары болып қалады.
"Президент шешімімен өңірлердің саны көбейетін болды. Яғни, біздің жұмысымыздың аясы кеңейеді. Сондықтан алдағы уақытта осы бағыттағы мақсат-міндетіміз бұрынғыдан да арта түседі. Шын мәнінде, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуы біздің ұлт ретінде өсуіміздің жарқын көрінісі. Сонымен бірге Қазақстан халқы ассамблеясының квотасы мәжілістен сенатқа беріледі. Бұл шешім қоғамдық келісім мен ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан біздің әлеуетімізді арттыратыны сөзсіз", – деді Мәулен Әшімбаев.
Ол, сондай-ақ, Парламенттің рөлін күшейту мәселесіне де тоқталды.
"Мұндай қадам жаңару мен жаңғыру жолында парламентке үлкен міндет пен жауапкершілік жүктейді. Соған байланысты мемлекет басшысы сенат пен мәжілістің жұмысы мен құрылымына қатысты реформаларға тоқталды. Енді сенаттағы президенттік квотаның саны 15-тен 10-ға дейін қысқарады", – деді сенат төрағасы.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанда Ұлытау және Абай облыстары құрылады
- Президент Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу облысын құруды ұсынды