Орталық референдум комиссиясы АЭС бойынша референдумға жұмсалатын қаржының алдын ала сомасын жариялады.

Комиссия мүшесі Сабила Мұстафинаның айтуынша, бүгінде алдын ала смета әзірленді. Оған сәйкес, алдағы референдумға 15,5 миллиард теңге қажет болады.

"Бұл – алдын ала смета. Бүгін біз оны үкіметке жібереміз, қаржы министрлігі қарайды. Осы соманы қалдыра ма, жоқ па, әзірше белгісіз. Үкімет сметаны бекітуге тиіс", – деді Сабила Мұстафина комиссияның бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, референдумға бөлінетін қаржының 70%-і жалақыға жұмсалады, қалғаны - ұйымдастырушылық шығын. Ал комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров әрбір теңгеге бақылау болады деп сендірді. Жұмыс істеген адамдар ғана ақша алады.

Комиссия мүшелері 15,5 миллиард теңгені қалай есептеп шығарғанын да түсіндірді. Олардың айтуынша, 2022 жылғы референдумға 16 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Бірақ 1 миллиард теңгесі үнемделді. Осы тәжірибені ескере отырып, бұл жолғы сметаға 15,5 миллиард теңгенің шығыны енгізіліп отыр.