Қазақстан риэлторлар қауымдастығының мамандары алаяқтардың қандай схемалар мен айла-шарғыларды жиі қолданатынын айтып берді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен "Студенттік маусымның ортасында қалай пәтер жалдап, алаяқтардың құрбаны атанбауға болады" баспасөз конференциясында айтылды.

Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко сайттарды бақылағанда ең алдымен хабарландыруға мұқият қарауды ұсынды.

"Егер пәтердің суреттері тартымды болып көрінсе және бағасы нарықтағыдан төмен болса, алаңдауға негіз бар. Алаяқтардың көпшілігі жарнаманы әдемі фотосуреттермен жариялайды және төмен баға ұсынады", – дейді Нина Лукьяненко.

Маман пәтерді көрмей тұрып, ешкімге ақша жіберуге болмайтынын ескертті. Пәтерді көрген соң, құжаттарын тексеру керек. Оның қатарында пәтер иесінің жеке куәлігі де бар.

Сонымен қатар пәтер иесі мен жалға алушы арасындағы мәміленің жазбаша нысанын жасау керек. Онда транзакцияның сомасы, жалдау ақысы, ай сайынғы немесе тоқсан сайынғы төлем, қалай төленеді және қай мерзімнен кешікпей төленеді, шарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда не болады – бәрі қамтылуы тиіс. Сондай-ақ, жалдау ақысына не кіретінін және коммуналдық төлемдерді кім төлейтінін қарастыру керек. Егер кепілдік төлем болса, оның шарттарын да жазу қажет.


Оқи отырыңыз: Пәтерді жалға алған кезде оған тіркелу міндетті ме?