Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның The News International газетіне берген сұхбатында елімізде болып жатқан саяси трансформация туралы да баяндады.

"Қазақстан "суперпрезиденттік" модельден бас тартып, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі тиімді жұмыс істейтін президенттік республика үлгісіне өтті. Ол, ең алдымен, "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасына арқа сүйейді. Қазір біз саяси жаңғырудың мүлдем жаңа кезеңіне қадам бастық. Конституциялық реформа аясындағы ең басты өзгерістердің қатарында бір палаталы парламентке (Құрылтай) өту, Халық Кеңесін құру және Вице-президент лауазымын енгізу секілді бастамалар бар. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланады", – деді мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, негізгі мақсат – Әділ, Қауіпсіз, Таза және Озық Қазақстан құру. Бұл ретте ел "Заң және тәртіп" қағидатын бәрінен жоғары қояды. Ал халықтың ынтымағы қастерлі құндылық ретінде қарастырылады. 

"Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел саналады. Былтыр жоғары экономикалық өсім тіркелді. Ал ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллардан асты. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі тарихи межеге жетті. Инвестициялық саясатымыз тұрақты, ашық әрі түсінікті іскерлік орта қалыптастыруға бағдарланған. Сонымен қатар біз таяу жылдары Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруды көздейтін стратегиялық міндетті орындауды қолға алдық. Жасанды интеллект пен басқа да озық технологиялар белсенді енгізіліп жатыр. Қазақстанды Еуразиядағы басты транзит хабына айналдырғымыз келеді", – деді президент.