Абу-Даби қаласында халықаралық мультиспорттық The Games of the Future Abu Dhabi 2025 powered by ADNOC фиджитал турнирі ресми түрде ашылды.

Ашылу салтанатына Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Ресей Федерациясының спорт министрі Михаил Дегтярев, сонымен қатар белгілі саясаткерлер, спортшылар мен киберспорт жұлдыздары қатысты.

Турнирде Қазақстан атынан үш команда ел намысын қорғап жатыр. Олар фиджитал футбол, фиджитал баскетбол және CS2 фиджитал шутер дисциплиналары бойынша бақ сынауда. Атап айтқанда, XGoat командасы – CS2 дисциплинасы бойынша 2024 жылы Қазан қаласында өткен алғашқы "Болашақ ойындарының" жеңімпазы, UEL Team – фиджитал футболдан іріктеу кезеңінің жеңімпазы, ал PBC Astana – құрамында ұлттық құрама спортшылары бар кәсіби баскетбол клубы.

Айта кетейік, 2025 жылғы турнирге жолдамалар Астанада өткен іріктеу жарыстарының қорытындысы бойынша берілген. Бұл қазақстандық командалардың халықаралық деңгейдегі жоғары дайындық деңгейін көрсетеді.

18–23 желтоқсан аралығында Абу-Даби үкіметінің ADNEC көрме орталығында 60-тан астам елден келген 850-ден аса спортшы физикалық спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін 11 гибридті дисциплина бойынша сынға түседі. Турнир бағдарламасына фиджитал футбол, фиджитал баскетбол, фиджитал жекпе-жек, фиджитал шутер, фиджитал би, дрондар жарысы және роботтар шайқасы енгізілген.

Еске сала кетейік, алғашқы The Games of the Future турнирі 2024 жылы Қазан қаласында өткен. Қазақстан World Phygital Community (WPC) ұйымының мүшесі ретінде 100-ден астам елмен бірге фиджитал спортты дамытуға белсенді түрде атсалысып келеді.