Қайта ұйымдастырылатын және жаңадан құрылатын өңірлердің шекаралары алдын ала 1997 жылғы тарихи шекараларда айқындалды. Арнайы комиссия Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарына атаулар беру туралы ұсынысты қолдады, деп мәлімдеді ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

"Қазіргі уақытта министрлік Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру бойынша жұмыс жүргізуде. Осы жылдың 25 наурызында жаңа облыстарды құру мәселелері жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Алгоритм жауапты орындаушыларды және орындау мерзімдерін көрсете отырып "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңдарға сәйкес міндетті түрде жүргізілуге тиіс іс-шаралар мен рәсімдердің тізбесін қамтиды. Бүгінгі күні өңірлер алгоритмде көзделген негізгі іс-шараларды аяқтады", – деді Әлібек Қуантыров. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда Ұлытау және Абай облыстары құрылады 


Әрі қарай министр 11 сәуірде республикалық ономастикалық комиссия отырысы өтіп, Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарына атаулар беру туралы ұсыныс қолдау тапқанын бөлісті. Айтуынша, қайта ұйымдастырылатын және жаңадан құрылатын өңірлердің шекараларын айқындауда халықтың пікірі мен экономикалық және инфрақұрылымдық әлеует, халық саны және басқа да өлшемшарттар ескерілді.

"Қайта ұйымдастырылатын және жаңадан құрылатын өңірлердің шекаралары алдын ала 1997 жылғы тарихи шекараларда айқындалды. Қарағанды облысы бойынша мәслихат сессиясын өткізу күтілуде, онда Қарағанды және Ұлытау облыстарының шекаралары бойынша мәселе қаралатын болады. Сонымен қатар, құрылатын мемлекеттік органдар үшін қажетті штат санын қалыптастыру, жаңадан құрылатын облыстардағы қызметтік үй-жайларға қажеттілік мәселелері талданады", – деді министр. 


Оқи отырыңыз: Президент Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу облысын құруды ұсынды 


Мұнымен қатар, ол алгоритмге сәйкес мемлекеттік органдар мен өңірлердің негізгі жұмысы осы жылдың 20 сәуіріне дейін аяқталатынын айтты. Ал жарлық жобалары мамыр айының басында президент әкімшілігіне енгізіледі.

"Бұған дейін жаңа облыстарды құруға бюджет қарастырылмаған болатын. Қазір облыстарды қайта құру 2022 жылдың бюджетін нақтылау кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Сол себепті қаражат келесі немесе оның арғы жылдардағы бюджетке кіреді. Әзірге барлығы жергілікті атқарушы органдар қаражаты есебінен жүргізіледі. Қазір нақты қанша қаражат керегі белгісіз, комиссия анықтап жатыр. Бізде бірінші жарты жылдыққа дейін уақыт бар", – деп қосты Әлібек Қуантыров. 

Еске салсақ, "Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру" бағыты бойынша 5 іс-шара іске асырылады:

  • "Әкімшілік орталығы Семей қаласында болатын Абай облысын құру";
  • "Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында болатын Ұлытау облысын құру";
  • "Алматы облысын әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында болатын Жетісу облысына және әкімшілік орталығы Қапшағай қаласында болатын Алматы облысына бөлу";
  • "Қапшағай қаласының атауын өзгерту мәселесін халықтың пікірін ескере отырып пысықтау";
  • "Халықтың санын ескере отырып, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің аппараттарындағы мемлекеттік қызметшілерді оңтайландыру, оның ішінде әкімдер орынбасарларының үшеуден аспайтын (айрықша жағдайларда әкімдер орынбасарларының төртеуден аспайтын) лимитін белгілеу".