Абай облысындағы өрт: Елді мекендерге қауіп сейілді
Өткен тәулікте өрт ошақтарына әуеден 546 рет су төгілді, оның жалпы көлемі 1,5 мыңнан астам тоннаны құрайды.Абай облысында өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Елді мекендерге қауіп жоқ, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігі, орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық техника жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов оқиға орнында өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіріп жүр.
"Пилотсыз ұшу аппаратын пайдалана отырып, аэровизуалды барлау нәтижелері бойынша өрт Каштак орманшылығынан Семей қаласына қарай бағыт алып, жоғары өрбігені байқалады. Жедел іс-қимылдар мен уақтылы қабылданған шаралардың арқасында өрттің елді мекендерге таралуына жол берілген жоқ", – деп жазылған ақпаратта.
Өткен тәулікте өрт ошақтарына әуеден 546 рет су төгілді, оның жалпы көлемі 1,5 мыңнан астам тоннаны құрайды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері әуеден жалпы 1 323 рет (4000-ға жуық тонна) су төгілген.
Қазіргі уақытқа дейін жедел желіге 150 қоңырау түсті. Төтенше жағдайлар департаментінің жедел желі телефоны: 8 722 235 38 31.
"Қазгидромет" АҚ деректері бойынша, 14 маусым күні қысқа мерзімді жаңбыр (жаңбырдың ықтималдығы 60%) жауып, найзағай, дауыл, жел болады деп күтілуде. Түнде ауа температурасы +5+10, күндіз +18+23 градус.