9 рет шабуыл жасалды: ДСБ медицина қызметкерлерінің еңбегіне құрметпен қарауды сұрады
Елордада жыл басынан бері жедел жәрдем қызметкерлеріне тоғыз рет шабуыл жасалған.Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы медицина қызметкерлерінің еңбегіне құрметпен қарауды сұрап отыр.
"Өткен демалыс күндері 103 пультіне жеделдіктің үшінші санаты бойынша қоңырау түсті. Жедел жәрдем бригадасын әйел адам шақырды. Көрсетілген мекенжайға келген уақытта дәрігерлер мас күйінде озбырлық танытқан ер адамды байқады. Жедел жәрдем қызметкері медициналық тексеруге кіріскенде, ер адам фельдшерді ұстап алып, оны бөлмеге сүйреп апарды да, фельдшердің тамағына пышақ тақаған. Екінші фельдшер бұл туралы "Алматы" ауданының кіші станциясының аға дәрігеріне хабарлап, полиция шақырды. Фельдшер полиция қызметкерлері келгенге дейін шабуылдан жалтарып үлгерді", – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, ешкім жарақат алмаған және бұзақыны полиция оқиға орнында ұстады.
"Елордада көмекке келген жедел жәрдем қызметкерлерінің өздеріне қауіп төнетін мұндай жағдай жалғыз емес. Тек 2024 жылғы қаңтар-сәуір айлары аралығында осындай тоғыз жағдай тіркелді", – делінген хабарламада.