735 млн теңге бөлінді: Наурызбай ауданында жыл соңына дейін 130 көшедегі жол жөнделеді
"Тау самалы" шағын ауданына қатысты жоба түзетіліп жатыр.Наурызбай ауданында 70 көшеде 30 мың метр шаршы жол жөнделді. Алда тағы 25 мың метр шаршы жол жөнделуі тиіс. Бұл мақсатта 735 млн теңге бөліп отырмыз, деп мәлімдеді Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев.
Әкімнің мәліметінше, Абай даңғылын Строительная көшесінен қала шекарасына дейін 600 метрге ұзарту аясында бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Осы жылдың соңына дейін мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жоспарда бар. Жұмыстар 2024 жылдың соңына дейін аяқталады.
"Төле би көшесін ұзарту мақсатында Алатау даңғылы мен Алтын Орда көшесі арасында ұзындығы 700 метр жол салу жұмыстары басталды. Жұмыстарды осы жылғы 20 қарашаға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту аясында бүгінгі таңда мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Конкурс рәсімдері осы жылдың қазан айында аяқталады", – деді Ерболат Досаев.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде суаратын көлік жүргізушілері жалақысын ала алмай жүргеніне шағымданды
Ары қарай Ерболат Досаев жер учаскелерін сатып алу жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталатынын айтты. Мұнымен қатар ол барлық шағын ауданда жол жөндеу жұмыстарының қызу жүріп жатқанына тоқталды.
"Бүгінгі таңда 70 көшеде 30 мың метр шаршы жол жөнделді. Жыл соңына дейін 130 көшені қамти отырып, тағы 25 мың метр шаршы жолды жөндеу жоспарланып отыр. Жөндеуге 735 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. 736,7 млн теңгенің 500 млн теңгесі жолдарды жөндеуге, 180,7 млн теңгесі тротуарларға, 56 млн теңгесі люктер орнатуға", – деп қосты әкім.
Сондай-ақ қалалық мобилділік басқармасы осы жылдың шілде айында Ақжар және Шұғыла шағын аудандарында 10 көше бойынша 6,5 км жол салуды бастады. 10 көшеде 6,9 км жолға орташа жөндеу жүргізілді. Осы жылдың қараша айының соңына дейін ұзындығы 7 км болатын тағы 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Оқи отырыңыз: "Жол белгісін қазанға қақпақ етеді". Көлік апатының жиілеуіне не себеп?
"Тау самалы" шағын ауданында инженерлік желілерді жүргізгеннен кейін жол төсемін қалпына келтіру жұмыстарына байланысты шағымдар айтылған болатын. Бүгінгі таңда аталған жоба түзетіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін, оның ішінде бұрын есепке алынбаған абоненттер үшін желілерді төсеуге қосымша 273,4 млн теңге қаражат бөлеміз. Бұған қоса 6 көшеде жолдың бүкіл еніне қарай жол төсемін қалпына келтіру көзделген", – деп қосты Ерболат Досаев.