Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарына берген жауабында Қазақстанда ауылдардың жабылуының басты себептерін атады. Олардың негізгілері – инфрақұрылымдық, ғылыми-техникалық, индустриялық және өндірістік прогресс әсерінен туындаған ғаламдық урбанизация.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес елімізде 6 147 ауылдық елді мекен бар, оларда 7,5 млн адам тұрады, бұл еліміздегі жалпы халық санының 37 пайызын құрайды. 

"Соңғы 5 жылда ауылдық елді мекен саны 194 бірлікке (6341-ден 6 147-ге дейін) азайды, оның ішінде ШҚО-да 13 ауыл, СҚО-да 45 ауыл, ал Павлодар облысында жабылған ауыл жоқ. Сонымен қатар Алматы облысында 12 АЕМ Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес құрылған жаңа Алатау қаласына, Жамбыл облысында 14 ауыл Тараз қаласының құрамына қосылды", – делінген премьер-министрдің жауабында. 

Дегенмен, ауылдардың жабылуына қарамастан, соңғы 5 жыл ішінде ауыл халқының саны айтарлықтай өзгермеген. 2021 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш – 7,6 млн адам болса, 2025 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш 7,5 млн адамды құрайды. 

"Алайда ауыл тұрғындарының жалпы халық санына қатысты үлесі 43,5 пайыздан 37 пайызға төмендеді. Негізгі себеп – инфрақұрылымдық, ғылыми-техникалық, индустриялық және өндірістік прогресс әсерінен туындаған ғаламдық урбанизация", – деп жауап берді Олжас Бектенов. 


Оқи отырыңыз: Түрлі жобаларды бір бағдарламаға біріктіру ауыл мәселесін шеше ме? Сарапшы пікірі