Елде азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеуге қатысты жаңа пилоттық жоба іске қосылды, деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

"Полиция қызметін цифрландыру шеңберінде сәуір айынан бастап Halyk Homebank мобильді қосымшасы арқылы азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеудің пилоттық жобасы іске қосылды. Аталған жоба азаматтарға 5 минут ішінде тұрғылықты және уақытша тұратын жері бойынша тіркелуге мүмкіндік береді", – деді Шұғыла Тұрлыбек.


Оқи отырыңыз: "Цифрлық құжаттар" бірқатар банк мобильді қосымшаларында қолжетімді 


Жобаны пайдалану үшін смартфонға мобильді қосымшаны жүктеп, "Мемлекеттік қызметтер" бөлімінде – "Халықты тұрғылықты жері бойынша тіркеу" тармағын таңдап, тіркеу түріне, тіркеу мерзіміне, қызмет алушының мәртебесіне байланысты жолдарды толтыру жеткілікті.

"Бүгінде ішкі істер министрлігі ұсынған 40 мемлекеттік қызметтің 38-і автоматтандырылған", – деп қосты Шұғыла Тұрлыбек.