Адамның миы белсендірек жұмыс істеген сайын оның қартаюы бәсеңдей түседі. Француз геронтологтарының мәліметі бойынша, 45 жастан асқан адамдар жаңа шет тілін, жаңа мамандықты үйрене бастаса немесе зерделік хоббимен шұғылданса, олардың қартаюы едәуір бәсеңдейтін болған, Ешнәрсемен шұғылданбайтын құрдастарына қарағанда олардың организмінде қартаю жасушаларының түзілуі едәуір азайған. Бұл туралы нутрициолог,  академик, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов жазды.

Ғалым зерттеулерге сүйене отырып, өмір бойы кәсібі абстрактілі ойлаумен, математикамен, физикамен, химиямен, лингвистикамен және филологиямен айналысқан адамдардың дене еңбегімен айналысатындарға, мұғалімдер мен спортшыларға қарағанда кешірек қартаятынын айтады. Ал үй шаруашылығындағы адамдарда қартаю үрдістері ерте белең алады.

"Актерлер, жазушылар, ғалымдар мен саясаткерлер қартаюға кешірек ұшырайды. Мұндай жандардың жұмыстағы карьерасының шыңы 40-тан 80 жас аралығында, тіпті, 90 жасқа дейін болады. Ал олардың біліктілігі жасымен қоса өсе түседі. Оларға ғалымдар, заңгерлер, саясаткерлер жатады. Әдетте, бұл жандардың ақыл-ой, шығармашылық әлеуетінің дәрежесі жоғары болады. Бұл еңбек-қызметінің тиімділігіне ықпал етеді. Олар еңбегінің барысында табиғи дарынын ашып, жетекшілік дарынын шыңдап, өз саласын немесе, тіпті, елді табысты басқарады", – деп жазды академик.

Сонымен қатар, академик бірегей ақыл-ой иелерінің, шығармашылық дарынды тұлғалардың, үнемі миы қарқынды жұмыс істейтін адамдардың ұзақ та салауатты қартаянын атап өтті. Бұл қатарда жалқау, енжар, өмірге түңіле қарайтын адамдардың үлесі төмен.


Оқи отырыңыз: Төрегелді Шарманов: Жастар пицца, гамбургерден шыға алмай жатыр