43 мың теңге: баласының көзінше ішімдік ішіп, темекі тартқан ата-анаға айыппұл салынады
Қазақстанда баласының көзінше ішімдік ішіп, темекі тартқан ата-аналарға әкімшілік жаза күшейтілді. Енді мұндай әрекетке барған әке-шеше 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 43 250 теңге айыппұл төлейді. Ал егер бұл құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, ата-ана 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл норма Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес қолданылады. Ата-ана баласының көзінше ішімдік ішіп, темекі тарту арқылы зиянды әдеттерді насихаттаған болып есептеледі.
Аталған талап "Баланың құқықтары туралы" заңда нақты көрсетілген. Заңға сәйкес, ата-ана немесе заңды өкіл баланы алкогольден, темекіден және басқа да зиянды заттардан қорғауға әрі олардың зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндетті.
Егер ата-ананың дұрыс тәрбие бермеуінің салдарынан бала алкогольдік немесе психотроптық заттарды қолданса, әке-шешесіне 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Бұл жағдай бала мұндай заттарды жасырын қолданса да, не үлкендер "қызық үшін" ұсынып көрген жағдайда да қолданылады.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер бұл норманың басты мақсаты — жазалау емес, баланың болашағын қорғау екенін айтады.