Петропавл қаласында 2021 жылы іске қосылған Мағжан Жұмабаев атындағы IT лицей-мектебінің оқушылары сырт киіммен және қалың аяқ киіммен сабақ оқуға мәжбүр. Өйткені, сыныптағы термометр көрсеткіші 13 градус шамасында ғана, деп хабарлады Astana.tv.

"Әсіресе, мектептің дәлізі салқын. Бізді бүгін басқа кабинетке отырғызды. Біз қалың аяқ киімді шешпейміз. Себебі, аяғымыз тоңады. Балалардың көбі ауырып жатыр", – дейді мектеп оқушысы Санжар Қуанышбай.


Оқи отырыңыз: "Дене шынықтыру" міндетті пәндер тізімінен жойыла ма?


Лицей мектепте 900-ден астам оқушы білім алады. Оқу орны басшылығының айтуынша, тек оқушылар емес, мұғалімдер арасында да ауырып жатқандар көбейген. Оның айтуынша, мектеп құрылысында бірқатар кемшілік жіберілген. Бұл жөнінде құрылыс мердігеріне қанша шағым айтылса да, әлі нәтиже болмаған.

"Мектептің дәлізі– 300 шаршы метр. Онда небәрі 5-ақ батарея орнатылған. Мердігерлер жазда бізге калорифер орнатуы тиіс еді. Бірақ, ол жұмысты қазір ғана қолға алайын деп жатыр", – дейді Мағжан Жұмабаев атындағы IT лицей-мектебінің директоры Рәзия Қасымова.