Алматының "Қайрат" футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үй ойындарына билеттер сату тәртібі мен мерзімін жариялады.

Клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, "Қайрат" — "Реал Мадрид" кездесуіне билеттерді сату 23 қыркүйек күні сағат 17:00-де басталады. Бір ЖСН-ға екіден артық билет рәсімдеуге болмайды. Деректер сатып алу кезінде де, стадионға кіру кезінде де қатаң тексеріледі.

УЕФА-мен келісілген баға саясатына сәйкес, Чемпиондар лигасының барлық үй матчына билеттер құны 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін болады.