3 жылда жұмысшы жастарға жалға берілетін 3 мың пәтер салынады
Бұл үшін жергілікті бюджеттен 32,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 2023-2025 жылдары жұмыс істейтін жастарға арналған 3 мың пәтер салу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында хабарлады.
Еске салайық, 2019-2022 жылдар аралығында бұл мақсатта 9536 пәтер салынған болатын. Сәйкесінше, 2025 жыл соңында жалдамалы пәтерлер саны 12,5 мыңнан асуы тиіс. Бұған аталған қалалардың жергілікті бюджетінен 32,3 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр.
Роман Скляр мұндай бағдарламаны өзге өңірлерде де жүзеге асыру мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.
"Осы ұқсастық бойынша басқа өңірлердің жергілікті атқарушы органдары жергілікті бюджеттер есебінен жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы тұрғын үй салу мәселесін әзірлігі мен қаржылық мүмкіндіктеріне қарай қарастырады", – делінген үкімет басшысының бірінші орынбасарының жауабында.
Оқи отырыңыз: "Бақытты отбасы" және "Шаңырақ" аясында 2023 жылы қанша тұрғын үй несиесі беріледі?