3 мың адамға – 1,4 млн теңгеден. Кәсіп бастауға грант үшін өтініш қабылдау басталды
Республика бойынша 3 мыңға жуық адамға грант беру жоспарланып отыр.Бизнес-идеяларды іске асыру үшін business.enbek.kz порталында 15 мамырдан бастап грантқа өтінім қабылдау басталады.
Республика бойынша екінші лекте 2 697 адамға грант беру жоспарланып отыр. Грант сомасы 400 АЕК-ке тең.
"Мемлекеттік грант – жаңа бизнесті бастауға және дамытуға қайтарымсыз берілетін бастапқы капитал. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – делінген хабарламада.
Қандай құжат керек?
Өтінім беру үшін:
- порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады. Сондай-ақ, "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Оқи отырыңыз: Кәсіп бастауға қалай 1,4 млн теңге қайтарымсыз грант алуға болады? Шағын нұсқаулық
Кімдер қатыса алады?
Мемлекеттік грант алуға тіркелген жұмыссыздар және жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады.
Үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қолданыстағы "қандас" мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Қандай кәсіп бойынша беріледі?
Грантты кәсіпке қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Ал тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге грант берілмейді.
Өтініштер аудандық немесе қалалық комиссиямен бірлесіп отырып, қаралады. Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі.