272 млрд теңге бөлінді: биыл елімізде 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады
Вице-премьер инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды.Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 272 миллиард теңге бөлінді.
"Өңірлерде көтерілген сұрақтардың бір бөлігі тұрғын үй салуға қатысты. Бұл бағытта нақты жоспар бар. Биыл кемінде 18 миллион шаршы метр тұрғын үй салу ескерілген. Отбасы банкінің жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары іске қосылды. "Отау" және "Наурыз" жаңа бағдарламалары бойынша 64 мың адамнан өтінім қабылданды", – деді премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 272 миллиард теңге бөлінді.
Оқи отырыңыз: Үкімет БҚО-дағы электр желілерін қалпына келтіруге 1,1 млрд теңгеден астам қаржы бөлді
Сонымен қатар вице-премьер инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды. Бұл тұрғыда 12 мың шақырымнан астам автожолды салу, реконструкциялау және жөндеу қарастырылған. Жаңа газ желілерін салу есебінен 300 мың халқы бар 87 елді мекенді газдандыру жоспарланды.
"Үш арнайы экономикалық және индустриялық аймақ қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. "Ауыл — ел бесігі" жобасына 180 миллиард теңге қарастырылды, оның аясында 1,4 мың жоба жүзеге асырылып, 500 ауылдық елді мекен қамтылады", – деді Үкімет басшысының орынбасары.