26-27 мамырда қазақстандық хор Польшада өнер көрсетеді
Концерт Белосток және Варшава қалаларында болады."Астана Операның" хоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің жетекшілігімен 26-27 мамырда Белостокта өнер көрсетеді, сондай-ақ Варшавада қазақстандық композиторлардың музыкасы шырқалатын үлкен жеке концерт береді, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.
Театр ұжымы Белосток қаласында "Хайнувка" халықаралық фестиваліне қатысады.
"Биыл фестивальге қатысу үшін салмақты бағдарлама дайындап жатырмыз. Біз орындаушылық деңгейді таныстыруды ғана мақсат етпейміз, сонымен қатар опера музыкасымен бірге, мүлде әртүрлі стильдерді орындау қолымыздан келетінін, ұжымымыздың жан-жақты екенін және шығармашылықта шегі жоғын көрсеткіміз келеді. Бұдан бөлек, біз еуропалық тыңдармандарға өзіміздің жеке концертімізді ұсынамыз. Оған қазақтың көпшілік ұнататын және ең танымал туындылары, атап айтсақ Ғазиза Жұбанованың "Жалғыз емен", Еркеғали Рахмадиевтің "Хорал", Серікжан Әбдінұровтың "Күй", Әліби Әбдінұровтың "Қуырмаш" әндері, қазақ әндерінен попурри және тағы басқалары енді", – деп атап өтті Ержан Дәуітов.
Еске салайық, қазақ ұлттық музыкасының концертін өткізу жайлы Польша тарапы бастама көтерген болатын.
Оқи отырыңыз: 14 мамырда Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегі тікелей эфирден көрсетіледі