217 әкімшілік қаулы: Су басқан өңірлерде кәсіпкерлер азық-түлік бағасын заңсыз көтерген
Оның ішінде 19 кәсіпкерге айыппұл салынса, 198 кәсіпкерге ескерту жасалды.Су тасқыны болған өңірлерде сәуір айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын заңсыз көтеріп, манипуляция жасағандар анықталған. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектеновтің мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.
Айталық, 1-20 сәуір аралығында аумақтық департаменттер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіргені үшін 217 әкімшілік қаулы шығарған болса, оның ішінде 19 айыппұл салынған және 198 ескерту берілген.
Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жүргізілуде.
"Бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккен облыстарда жағдай тұрақты, азық-түлікті, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуде проблемалар байқалмайды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының дүрлікпе өсуі жоқ. Үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері немесе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары және құрылыс материалдары нарығына қатысушылардың сөз байласуы анықталған жағдайда тиісті ден қою шаралары қабылданатын болады", – деп жауап берді Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Су тасқыны: Құлсары тұрғындары мемлекеттің көмегіне ризашылық білдірді