Business.enbek.kz порталында 21 мамырдан бастап 1-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алуға өтінімдер қабылдау жүзеге асырылады. Республика бойынша бірінші лекте 4500 адамға грант беріледі, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 

Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі. Оның мөлшері 400 АЕК (1 572 800 тенге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру тәртібі:

  • Порталда тіркелу;
  • грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
  • бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
  • өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.


Оқи отырыңыз: "Жәрдемақы, грант, оқу курстары". Жұмыссыздар мемлекеттен қандай көмек ала алады


Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға үміткер бола алады:

  • тіркелген жұмыссыздар;
  • жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы керек:

  • мүгедектігі бар адамдар;
  • "қандас" мәртебесі бар адамдар;
  • өңіраралық қоныс аударушылар;
  • аз қамтылған отбасы мүшелері;
  • көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығандығы туралы 3 жылдан аспайтын мерзімде берілген сертификаты болуы тиіс.

"Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – "Business.enbek.kz" порталы арқылы жүзеге асырылады. Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады", – делінген ресми хабарламада.