2050 жылға қарай әуе жолаушыларының саны 2 есе көбейеді – IATA
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) әуе тасымалына қатысты ұзақ мерзімді болжамын жариялады, онда 2050 жылға қарай әлемде әуе жолаушыларына деген сұраныс екі еседен астам өсетіні жазылған.
Ұйымның болжамына сәйкес, жолаушылар тасымалы 2024 жылғы 9 трлн жолаушы-километрден (RPK) 2050 жылы 20,8 трлн-ға дейін артады. Бұл кезеңдегі орташа жылдық өсім 3,1%-ды құрайды. Жоғары өсім сценарийінде бұл көрсеткіш 3,3%-ға жетіп, 21,9 трлн RPK-ға дейін ұлғаюы мүмкін. Ал төмен сценарийде өсім 2,9% деңгейінде болып, 2050 жылы 19,5 трлн RPK-ға жетеді деп болжанған.
IATA бас директоры Уилли Уолш әуе сапарларына сұраныстың артуы әлемдік экономика мен әлеуметтік дамуға оң әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, авиация саласының өсуі жаңа жұмыс орындарын ашып, түрлі мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен қатар, бұл үкіметтер мен сала өкілдері үшін инфрақұрылымды дамыту, нарыққа қолжетімділікті арттыру, реттеуді үйлестіру және таза энергияға көшу бағытында ұзақ мерзімді жоспар құрудың маңызын көрсетеді.
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының болжамына сәйкес, 2024-2050 жылдары ең жоғары өсім Азия – Тынық мұхиты аймағы мен Африкада байқалады. Бұл өңірлерде жылдық өсім тиісінше 3,8% және 3,6% болады деген болжам бар. Ал Еуропа мен Солтүстік Америкада өсім 2,5% және 2,8% деңгейінде болады.
Ең қарқынды дамитын нарықтар қатарында Африка ішіндегі бағыттар (4,9%), Африка – Азия –Тынық мұхиты (4,5%), Азия – Тынық мұхиты – Таяу Шығыс (3,9%) бағыттары аталды. Бұл дамушы елдерде авиациялық инфрақұрылым мен реттеуші саясатты жетілдірудің маңызын айқындайды.
"Зерттеу COVID-19 пандемиясының авиация саласына ұзақ мерзімді құрылымдық әсер еткенін көрсетті. Сарапшылардың айтуынша, жолаушылар тасымалы бұрынғы экономикалық трендке толықтай қайта оралмайды. Сонымен қатар, авиация саласындағы өсім қарқыны біртіндеп баяулап келеді. Мәселен, 1972-1998 жылдары орташа өсім 6,1% болса, 1998-2024 жылдары 4,5%-ға дейін төмендеген. Ал 2024-2050 жылдарға арналған негізгі сценарийде бұл көрсеткіш 3,1% болады деп күтілуде. Дегенмен, жалпы жолаушылар саны айтарлықтай өсуді жалғастыра береді", – делінген хабарламада.