2026 жылға қарай 191 ауыл мектебі Назарбаев мектебінің әдістемесімен оқиды. Бұл туралы "Назарбаев зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин елордада өткен "Білімді ұрпақ – білімді ел" конференциясында айтты. 

Ауыл мектептерін дамытуға бағытталған NIS жобасы "Қазақстан халқына" және білім беруді тұрақты дамыту қорларының, "Аitas KZ" компаниясының қолдауымен жүзеге асады.


Оқи отырыңыз: Назарбаев зияткерлік мектебіне енді ауыл квотасымен түсуге болады


"Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру" жобасы 3 негізгі бағыт бойынша жұмыс жасайды. Бірінші бағыт мектептің қазіргі жағдайы мен негізгі процестерін толық диагностикалау мен зерттеуді қамтыса, екінші бағыт – әр мектептің анықталған проблемалары негізінде толық әдістемелік қолдау көрсету. Ал үшінші бағыт мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға негізделген. 

"Жоба бір жылдан аз уақытқа созылғанына қарамастан, біз оның тиімділігін қазірден көріп отырмыз. Мониторинг қорытындысы бойынша 4-сынып оқушыларының математика және қазақ тілі пәндерінен үлгерімдері жақсарған. Ал 8-сынып оқушыларында 9 пәннің жетеуінен оң көрсеткіш бар. Бұл – халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілген зерттеулердің нәтижелері. Біз осы бағытта мектептермен жұмысты жалғастырамыз", – деді Әнуар Жанғозин.