Қазақстанда мемлекеттік тіркеу нөмірі лас, оқылмайтын немесе талапқа сай орнатылмаған автокөлік жүргізушілеріне айыппұл салынады. Кей жағдайда жаза жүргізуші куәлігінен айыруға дейін баруы мүмкін. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы хабарлады.

Ұлттық оператордың мәліметінше, мемлекеттік нөмір – көліктің міндетті сәйкестендіру белгісі және ол әрдайым анық көрініп, оқылуға тиіс.

"Мемлекеттік нөмір стандартқа сай орнатылып, таза әрі анық көрінуі керек. Жүргізуші оның жай-күйін қадағалап, ластанған жағдайда міндетті түрде тазалауға тиіс", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар нөмірді оқуға кедергі келтіретін рамкалар, пленкалар, шторкалар, түрлі жапсырмалар қолдану, нөмірсіз немесе жалған нөмірмен жүру де заң бұзушылық болып саналады. Бұл әрекеттер үшін жауапкершілік ӘҚБтК-нің 590-бабында көзделген.

Айыппұл мөлшері (2026 жылға):

  • оқылмайтын немесе дұрыс орнатылмаған нөмір үшін – 21 625 теңге айыппұл;
  • нөмірсіз көлік жүргізу – 43 250 теңге;
  • бір жыл ішінде қайталанса – 86 500 теңге немесе 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру;
  • жалған нөмір орнату – 64 875 теңге айыппұл;
  • жалған немесе жасыратын құрылғылары бар нөмірмен жүру – 5 тәулікке дейін қамау және 1 жылға жүргізу құқығынан айыру.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК мөлшері – 4325 теңге.