"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалы жүргізуші куәлігін жоғалтқанда не істеу керектігін еске салды. 

Мұндай жағдайда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келесі құжаттарды алып бару керек:

  • жеке басты куәландыратын құжат;
  • 1,25 АЕК (2025 жылға 4 921 теңге) мемлекеттік баж салығы төленген түбіртек. 

Орталықта жүргізуші куәлігін қайта жасататын адам түсініктеме жазуы тиіс. Ал 073/е нысанды медициналық анықтама тек жүргізуші куәлігінің мерзімі өткен жағдайда ғана ұсынылады. 

Ескерту: енді 073/е медициналық анықтамасын қағаз түрінде тапсырудың қажеті жоқ. Медициналық тексерудің нәтижесі автоматты түрде   ақпараттық жүйеге келіп түседі. Сондай-ақ, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерден анықтамалар ұсыну талап етілмейді.

"Барлық керекті құжаттарыңызды өткізгеннен кейін жүргізуші куәлігінің дубликаты 90 минут ішінде әзірленеді. Ал жоғалған ескі құжатыңыз автоматты түрде жарамсыз болады", – делінген "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалының түсіндірмесінде. 

Жүргізуші куәлігін ауыстыру қажет жағдайлар:

  • Жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталды;
  • Жеке мәліметтер өзгерді (аты-жөні өзгерген жағдайда);
  • Жүргізуші куәлігі жоғалды; 
  • Жаңа жүргізуші санаты қосылды; 
  • Пайдалануға жарамсыз күйге түсті. 

Еске салайық, мамандар жүргізуші куәлігін мерзімі бітуге 1-2 ай қалған уақытта ауыстыруға кеңес береді.