2025 жылы ТМД-дағы кибершабуылдардың 8 пайызы Қазақстанға бағытталды – Positive Technologies
Positive Technologies компаниясының зерттеуіне сәйкес, 2025 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы киберқауіптерден ең көп зардап шеккен өңір ретінде танылды. Аймақта 123 киберқылмыстық топтың белсенді қызметі тіркелген.
Сарапшылардың мәліметінше, кибершабуылдардың басым бөлігі Ресей (46%), Беларусь (11%) және Қазақстанға (8%) бағытталған. Мұндай жағдайды өңірдегі геосаяси үдерістермен, экономикалық ауқыммен және халық санының көптігімен түсіндіруге болады.
Зерттеуде көрсетілгендей, негізгі қауіп-қатерлерді APT-топтар төндірген, ал хактивистердің үлесі 19%-ды ғана құраған. Сарапшылар мұны саяси себептермен әрекет ететін топтардың көбіне мемлекеттік құрылымдарға тәуелді болуымен немесе олардың ықпалында жұмыс істеуімен байланыстырады.
2025 жылы ТМД аумағында ең белсенді болған киберқылмыстық топтардың қатарында Rare Werewolf, Lifting Zmiy, PhantomCore, Cyber Partisans, Silent Crow және TA558 бар. Олар негізінен өнеркәсіптік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер мен қаржы ұйымдарын нысанаға алған. Жалпы шабуылдардың шамамен 50 пайызы осы салаларға тиесілі.
Кибершабуылдардың салдары әртүрлі болды: құпия деректердің ірі көлемде таралуынан бастап, инфрақұрылым нысандарының істен шығуына дейін жеткен. Әсіресе өнеркәсіп саласы ең көп шабуылға ұшыраған бағыттардың бірі болды.
Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылы фишинг пен ашық қолжетімді қосымшалардағы осалдықтарды пайдалану негізгі шабуыл тәсілдері болып қала берді. Сонымен қатар, қаскөйлер жасанды интеллектіні кеңінен қолдана бастаған. Ол фишингтік шабуылдарды шынайырақ етуге және зиянды бағдарламалар жазуға пайдаланылған. Мысалы, Rare Werewolf тобы авиация және радиоөнеркәсіп кәсіпорындарына қарсы шабуылдарда жасанды интеллект көмегімен әзірленген зиянды модульдерді қолданған.
Мамандардың пікірінше, киберқылмыскерлер зиянды бағдарламаларды заңды файлдар ретінде жасырып, кодты күрделендіріп, сондай-ақ жүйеге автоматты түрде ену тәсілдерін жетілдіріп отыр. Бұл олардың кәсіби деңгейінің артқанын көрсетеді және киберқауіпсіздік тәсілдерін қайта қарауды талап етеді.
Сарапшылар 2026 жылы да өңірде APT-топтар мен "хактивистердің" белсенділігі жоғары деңгейде сақталады деп болжап отыр. Тіпті геосаяси шиеленістер бәсеңдеген жағдайда да, шабуылдар өнеркәсіптік тыңшылық пен барлау ақпаратын алуға бағытталуы мүмкін.
Осы жағдай аясында ТМД елдерінде киберқауіпсіздік нарығының өсуі жалғасады. Болжам бойынша, 2024-2029 жылдар аралығында нарық көлемі жыл сайын орта есеппен 5,97%-ға өсіп, 2029 жылы 5,52 млрд долларға жетеді.