2025 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне Қазақстан не ұсынды?
Мәдениет және ақпарат министрлігі 2025 жылы ЮНЕСКО тізімі және цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстарға шолу жасады.
ЮНЕСКО тізімі
Қазақстан ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне "Салбурын", "Алпамыс батыр жыры", "Кесте-сюзанне", "Дәстүрлі киіз басу", "Тақия" номинацияларын ұсынды.
2025 жылы ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра орталығына Қазақстан тарапынан екі номинация бойынша құжаттар жолданды. Олар – "Маңғыстаудағы жерасты мешіттері" және "Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі" трансұлттық жобасы.
Түркістан қаласында "Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы" атты халықаралық симпозиум өтті. Оған 15 елден жүзге жуық ғалым қатысты. Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылған форум қала мәртебесін Түркі әлемінің ғылыми орталығы ретінде нығайтты.
Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін ғылыми қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, бұл сәулет өнерін жаңартуға және кесенені әлемдік мұра ретінде сақтауға мүмкіндік береді.
Цифрландыру
Қазақстанда алғаш рет Қарахан, Айша бибі, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне, сондай-ақ көне Отырар қалашығында заманауи цифрлық жүйелерді орнату жұмыстары жасалуда. Цифрландыру аясында электронды билет сату жүйелері, өздігінен қызмет көрсету терминалдары, турникеттер, жасанды интеллектпен жабдықталған бейнекамералар және басқа да заманауи құралдар орнатылады.
Маңызды жетістіктердің бірі – "E-museum" порталы. Жоба еліміздегі 285 музей қорын біріктіріп, 66 мыңнан астам экспонатты қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Порталда үш өлшемді модельдер мен виртуалды турлар бар. Сонымен қатар, бастама тарихи мұраны сақтау мен оны халықаралық мәдени кеңістікте кеңінен танытуды мақсат етеді.
Жылдың тағы бір маңызды жобасы – "E-кино" жүйесі, ол кинотеатрлардағы көрсетілімді біртұтас цифрлық есепке алады. Платформаға 68 кинотеатр қосылған. Жүйе арқылы 20310 билет сатылды. Жоба нарықтағы ашықтықты арттырып, ұлттық кино жұмысын талдауға мүмкіндік береді.
Мәдениет ұйымдары да электронды билеттерді, өздігінен қызмет көрсету терминалдарын және заманауи бақылау жүйелерін енгізіп жатыр. Бұл өзгерістер қызмет көрсету сапасын арттырып, келушілер статистикасын есептеуге мүмкіндік береді.