2025 жылы айыппұлдар мен утиль алымы қаншалықты өседі
1 қаңтардан бастап бір АЕК 3932 теңгеге тең болады.2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сәйкес, 1 қаңтардан бастап АЕК мәні 3932 теңге болады. Сәйкесінше, Қазақстанда айыппұлдар мөлшері де өседі. Kolesa.kz олардың мәні қалай өзгеретінін есептеп шығарды.
Айыппұлдар
Қазір көлік жылдамдығы сағатына 10-нан 20 км-ге дейін асса (5 АЕК), жүргізуші 18 460 теңге айыппұл төлейді, ал 1 қаңтардан бастап мемлекетке 19 660 теңге берешек болады. Бұл қауіпсіздік белдігін тақпаған, шлем кимеген не аялдау және тоқтау ережесін бұзған жүргізушілерге де қатысты.
Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткендер (10 АЕК) қазір 36 920 теңге айыппұл арқаласа, келер жылы 39 320 теңге санап беруге мәжбүр болады. Көлік жылдамдығы сағатына 20-дан 40 км-ге де асса, мүгедектерге арналған орынға көлік қойса және зебрада жаяу жүргіншіні өткізбесе, дәл осындай жазаға тартылады.
Жүргізуші куәлігінен айырылса да, көлік тізгіндеп жүріп ұсталған не апатқа қатысып, ол жерден қашып кеткен азамат 184 600 теңге (50 АЕК) орнына 196 600 теңге береді.
Оқи отырыңыз: 2025 жылғы АЕК мөлшері – 3 932 теңге. Ең төмен жалақы мен зейнетақы мөлшері қанша болады
Утиль алымы
Қозғалтқыш көлемі 1000 текше см-ден аспайтын жеңіл автомобиль үшін 294 900 теңге беру қажет. Ал мотор көлемі 2000 текше см-ден жоғары көлік үшін 688 100 теңге, 3000 текше см-ге жетпесе, 983 мың беруге тура келеді. Ал мотор көлемі үш литрден асатын машина алғандар ел қазынасына 2 260 900 теңге құяды. Бұл алым елге электромобиль кіргізгенде ғана сұралмайды.
Автомобильді есепке қою құны
Автомобильді бірінші рет тіркегенде сұралатын сома (0.25 АЕК) 923 теңгеден 983 теңге болып ауысады. Шыққанына 3 жылдан аспаған машина алған тұлға 196 600 теңге (50 АЕК) санап береді. Ал 3 жыл бұрын және одан ерте шыққан көлікті бірінші рет тіркеу үшін қалтада 1 966 000 теңге болуы керек.
Оқи отырыңыз: 2025 жылы Қазақстанда зейнетақы 8,5 пайызға өседі