Ағымдағы жылдың басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 8 964 грант берілді. Оның ішінде 5 539 грант ауыл тұрғындарына берілген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

2025 жылы жалпы 9 234 грант беру жоспарланып отыр. Барлығы 22,7 мыңнан астам өтініш қабылданған. Оның ішінде:

  • көпбалалы отбасылардан – 14,8 мың,
  • мүгедектігі бар адамдардан – 3,6 мың,
  • мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан – 2,6 мың,
  • атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 600 өтініш түскен.

Сондай-ақ, 758 адам асыраушысынан айырылған, 178 қоныс аударушы, 145 қандас грантқа өтініш берген. Өтініштердің ең көбі Түркістан (1 788), Қызылорда (1 500), Жамбыл (1 006) облыстарынан, ең азы Астана (126) мен Ұлытау (79) облыстарынан келіп түскен.

1 қазанға дейін берілген гранттардың бағыттары:

  • технологиялық жабдықтар сатып алуға – 3 930,
  • еңбек құралдары мен саймандарға – 2 589,
  • мал шаруашылығына – 2 228,
  • орынжай жалдауға – 135,
  • өсімдік шаруашылығына – 82 грант.

Грант иегерлерінің басым бөлігі – көпбалалы отбасылар (5 822 адам). Сондай-ақ, мүгедектігі бар тұлғаларға (1 397), ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға (1 015), атаулы әлеуметтік көмек алушыларға (266), асыраушысынан айырылғандарға (312), қоныс аударушыларға (87) және қандастарға (65) грант берілген.

Биыл өтінімдер екі лекпен қабылданды: алғашқысына – 4 207, екіншісіне – 4 757 грант бөлінді. 20 қазанда үнемделген қаржы есебінен қосымша үшінші лек басталды — ол бойынша еліміздің 9 өңірінде 270 грант беріледі. Келесі жылы да халықтың әлеуметтік осал топтарына шамамен 9 мың грант беру жоспарланған.