Қазақстанда МӘМС жүйесінің енгізілгеніне биыл бесінші жыл. 2024 жылы Алматы қаласы бойынша медициналық көмек көрсету үшін 334,2 миллиард теңге бөлінді. Осы соманың 175,7 миллиард теңгесі мемлекет тарапынан бөлінетін кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне, ал қалған 158,5 миллиард теңгесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне бағытталады. Биыл қаражат көбірек бөлініп отырғандықтан, медициналық көмек бұрынғыға қарағанда айтарлықтай қолжетімді болады, деп мәлімдеді медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев. 

Осы орайда сақтандыру қорының өкілі медицина жүйесіндегі тың өзгерістер мен 2024 жылы қазақстандықтардың қандай тегін медициналық көмек ала алатынын айтып берді. 

"Бірінші кезекте қаржыны медициналық ұйымдарға бағыттау процесі түгелдей автоматтандырылды. Осының арқасында қаржыландыру жылдам жүзеге асады. Мұнымен қатар аналар мен балаларға, жедел және шұғыл көмекке байланысты салаларға көбірек қаражат құйылды. Бөлінген қаражат сомасы артқандықтан, медициналық көмек түрлерінің ара-жігі бұрынғыға қарағанда айқындала түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бірыңғай қызмет пакетін кезең-кезеңімен қалыптастыру жұмыстары жүзеге асып жатыр. Бұл дәрігерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдете түсетін еді. Екіншіден, медицина ұйымдары ішінде жүргізілетін жүйеде айтарлықтай өзгерістер бар", – деді филиал директоры. 

2024 жылы Алматы қаласының тұрғындары 213 емхана мен 122 жекеменшік ауруханада МӘМС шеңберінде емделе алады. Биыл жаңадан 10 емдеу мекемесі ашылды. Олардың көбісі тіс емдейтін клиникалар мен жалпы емханалар. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан заңсыз темекі және вейп айналымымен қалай күрес жүргізіп жатыр


Тілеухан Әбділдаевтың айтуынша, дәл қазір МӘМС пакеті 2 мыңнан астам қызмет түрін қамтиды. Оған түрлі қымбат ота мен анализ, экстракорпоральды ұрықтандыру, бағасы 20-30 мыңнан кем тұрмайтын компьютерлік томография, реабилитация қызметі, магнитті-резонанстық томография жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін жоспарлы стоматологиялық көмек сынды т.б. қызметтер кіреді. Мұнымен қатар ол 2023 жылы МӘМС есебінен жасалған қымбат оталар санына тоқталды. 

"Күнделікті әртүрлі сала бойынша жүздеген ота жасалып жатыр. Ал осындай бір ғана отаның бағасы шамамен бірнеше миллион теңгені құрайды. Мысалы, қаладағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ шамамен бағасы сегіз миллион теңге болатын жүрек құрылғыларын орнатады. Ал ұлттық ғылыми хирургия орталығында әртүрлі ағзаларды ауыстыру оталарын жасайды. Дәл осындай отаның бағасы 7-9 миллион теңгеге жетеді. Яғни осының барлығы МӘМС қаражаты есебінен жасалып жатыр. Жалпы былтыр Алматы қаласы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен 77,9 миллиард теңгеге 134 мыңнан астам ота жасалды", – деді филиал өкілі. 

Тілеухан Әбділдаевтың мәліметінше, мұнымен қатар бір жыл ішінде 2,9 миллиард теңгеге 165 мыңнан астам МРТ пен КТ жасалған. 


Оқи отырыңыз: "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" жобасы аясында елімізде алғашқы ФАП БҚО-да ашылды


"МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін бағасы айтарлықтай қымбат қызметтерді тек әлеуметтік осал топтардағы азаматтар ғана ала алатын. Ал қазір ол баршаға қолжетімді. Сондай-ақ қазір жамбас пен тізені алмастыратындар саны көбейді. Өйткені халық арасында буын аурулары көбейді. Осы орайда былтыр 6,9 миллиард теңгеге осындай 4 670 ота жасалды. Бұдан өзге тіс емдеу саласына бағытталған қаржы көлемі артты. Дәлірек 2023 жылы алматылықтар 833,8 мың тіс дәрігері қызметін пайдаланды. Бұл мақсатта қордан 36 миллиард теңге бөлінген", – деп қосты Тілеухан Әбділдаев.