2023 жылғы 1 шілдеден бастап темекі 60 теңгеге қымбаттайды
Темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек сауда бағаcын 650 теңгеден 710 теңгеге көтеру көзделген.Қазақстанда 2023 жылғы 1 шілдеден темекі өнімдерінің бағасын 650 теңгеден (2023 жылға бекітілген баға) 710 теңгеге өсіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Қаржы министрлігінің бұйрығына енгізілетін өзгертулерден белгілі болды.
"Фильтрлі, фильтрсіз 20 сигаретке, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 710 теңге мөлшерінде ең төменгі бөлшек сауда бағаcы белгіленсін", – деп жазылған құжат жобасында.
Ал 2024 жылдан бастап баға тағы 60 теңгеге көтеріліп, 770 теңге болады.
Оқи отырыңыз: Темекі өнімдері 2023 жылы 60 теңгеге қымбаттайды
Қаулы жобасының түсіндірме жазбасына сәйкес, темекі өнімдеріне ең төменгі бөлшек сауда бағаларының ұлғаю себептері келесілер:
- 2023-2024 жылдары акциз мөлшерлемесі 14 пайызға ұлғайтылды;
- импортталатын шикізат пен материалдардың құны орта есеппен 20 пайызға өсті;
- темекі өнімдерінің шикізаты мен компоненттерінің логистикасы едәуір күрделенді;
- 2022 жылы инфляция 20,3 пайыз құрады.
Жоба 19 мамырға дейін қоғам талқысына ұсынылған.