Биыл Қазақстанда жалдамалы жұмыскерлер саны 6,8-6,9 млн адамды құрады. Ал жалдамалы жұмыскерлерге сұраныс 188,6 мың адам болса, оның жартысы жұмыстан шығатын жұмыскерлерді алмастыру үшін қажет. Сондай-ақ, күзетші, бухгалтер, сатушы және жүргізушілерге еңбек нарығында сұраныс жоғары болып қала береді, деп хабарлайды "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ болжамдау департаменті.

"Жалдамалы жұмысшыларға Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарында сұраныс жоғары. Салалар бойынша, білім беру, ауыл шаруашылығы және сауда бағыты қызметкерлеріне сұраныс көп", – деді ЕРДО болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Сарапшылардың айтуынша, биыл жалпы еңбекке қабілетті халық саны 11,4 млн адам болады. Көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 98 мыңға өседі. Аталған есепті жүргізгенде әйелдердің зейнет жасының артуы ескерілді.


Оқи отырыңыз: 2022 жылы білім гранты ірі кәсіпкерлер мен кәсіпорындарға да беріледі


Сондай-ақ, болжамға сәйкес, жұмыссыздар саны 461-465 мың адам деңгейінде болады. Ал жұмыссыздық деңгейі 5%-дан аспайды.

Орта мектепті шамамен 261 мың адам тәмамдайды. Оның ішінде 109 мың адам – тоғызыншы сыныптан кейін, ал 152 мың адам – 11 (12) сыныптан кейін кетеді. Колледждерге 131 мыңға жуық адам, жоғары оқу орындарына 103 мың адам барады. Қалғандары Қазақстаннан тыс жерлерге (10 мың адам) немесе еңбек нарығына шығады (17 мың адам).

2022 жылы ТжКБ-ны шамамен 145 мың адам табысты аяқтайды деп күтілуде, оның ішінде 90 мыңы – негізгі орта білім базасында және 49 мыңы – жалпы орта білім базасында, оның ішінде шамамен 16,4 мың адам жоғары білім беру ұйымдарында оқуын жалғастырады. Бұдан басқа, жоғары оқу орындарынан жоғары білімі бар 163,5 мың адам және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар 20 мыңға жуық адам шығарылатын болады.

Жалпы алғанда, білім беру деңгейлері арасындағы күрделі ауысуларды ескере отырып, еңбек нарығына шамамен 295 мың жұмыскер шығады деп болжанып отыр. Базалық сценарий кезінде жалдамалы жұмысшыларға қажеттілік, бұрын айтылғандай, 188,6 мың адамды құрайды. Тиісінше, қалған 106 мың адам жеке немесе объективті себептер бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтуға, оның ішінде жеке кәсіпкерлер мәртебесіне көшуі мүмкін.