2022 жылды астананың бірқатар тұрғыны жаңа пәтерде қарсы алады
Елорда әкімінің айтуынша, 2022 жылы тағы да 10 мың әлеуметтік пәтер салынады.Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов кезекте тұрған елордалықтарға пәтер кілтін табыстады.
"Жаңа жылды қала тұрғындарының бір бөлігі көптен күткен пәтерінде қарсы алады. Бүгін жылдар бойы кезекте тұрған елордалықтарға пәтер кілті табысталды. Олардың арасында жетім балалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, мүгедектер, толық емес отбасылар, зейнеткерлер және т.б. бар. Тұрғын үй кешені Алматы ауданындағы Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесінде орналасқан. Кезекте тұрған 200-ге жуық отбасыға аталған тұрғын үйден пәтер берілді. Көктемде аумағын абаттандырып, ағаш отырғызамыз. Осы айда кезекте тұрған 2 мыңнан астам отбасы әлеуметтік пәтердің кілтін алды", – деп жазды Алтай Көлгінов.
Оқи отырыңыз:
- Зейнетақы жинағына пәтер алу үшін ақшаны қалай жинау керек?
- Қазақстанда ипотека алу қаншалықты қолжетімді?
Сондай-ақ, әкім мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеңілдікпен берілетін тұрғын үй санын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
"Соңғы 3 жылдың өзінде қолжетімді тұрғын үй саны 5,5 есеге артты. Мысалы, 2018 жылы – 1 800 пәтер, 2019 жылы – 2 900 пәтер салынса, 2020 жылы 7 мыңнан астамы қолданысқа берілді. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары да сақталмақ. Жаңа 2022 жылы тағы да 10 мың әлеуметтік пәтер саламыз. Дайындық жұмыстары басталды. Сонымен қатар, қолға алынған "Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасын жалғастырамыз, биыл да жастарға арналған Elorda Jastary арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қостық", – деді қала әкімі.
Еске салсақ, қазақстандықтар Құрмет Талапқазыға үй алып беру үшін ақша жинаған болатын. Сондай-ақ, осы мақсатта "Асыл тас" қорының жетекшісі 9 миллион теңге бөлді.