19 шілдеден бастап "Ұмай" бағдарламасына тағы өтініш қабылданады
Тағы 400-450 әйел баспаналы болады."Ұмай" бағдарламасына алдыңғы өтініштен 6 млрд теңге резерв қалғандықтан, оған қайта өтініш беруге болады. Бұл туралы Отбасы банк хабарлады.
“Ұмай” әйелдер ипотекасы 2021 жылы басталып, екі жыл ішінде (2021/2022) 2 073 әйел баспана алған.
"2023 жылы үшінші траншқа 15,6 млрд теңге бөлінген еді. Пәтер сатып алудан бас тарту немесе төлеп қабілетін растай алмау сияқты себептерден клиенттер ипотекадан бас тартуы мүмкін. Осылай, қазір банкте 6 млрд теңге резерв сома қалды. Ол сома жаңа өтінімдерді қаржыландыруға бағытталады. Сөйтіп 400-450 әйел баспана ала алады", – делінген банктің хабарламасында.
Банктің мәліметінше, бағдарламаға 19 шілдеден бастап кез келген бөлімшеге барып өтініш беруге болады.
"Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары бойынша қарзы беретін лимит бітті. Сондықтан клиенттер бағдарламаға осы қалалардан үй алуға өтініш бере алмайды. Еліміздің басқа кез келген қаласынан өтініш қабылданады", – делінген хабарламада.
Бағдарлама" шарттары мынадай:
* Ставка 14.4% (ЖТСМ 15.4-дан), одан кейін 3.5% – 5%-ға дейін төмендейді (ЖТСМ 3.6%-дан)!
* Бастапқы жарна 15-тен 20%-ға дейін.
* Несие сомасы 30 млн теңгеге дейін, мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін.
Үйді бастапқы немесе қайталама нарықтан алуға болады. Үйді жөндеуге 3,7 млн теңге мөлшерінде қарыз алуға да болады.