Түрмеге тоғытып әуре болмайды. Қырғызстан билігі балаларды және әйелдерді зорлап, өлтірген қылмыскерлерге ең ауыр жаза – өлім жазасын қайта енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Тиісті тапсырманы ел президенті Садыр Жапаровтың өзі берген. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы мәлімдеді. 

Мұндай қатаң шешімге дүйім елді есеңгіреткен Ыстықкөл облысындағы қанды қылмыс түрткі болыпты. Өткен аптада 17 жастағы қыз көрші ауылдағы құрбысына кетіп, сол күйі оралмаған. Кейін бақылау камерасынан бойжеткеннің көлікке отырғаны анықталды. 

Тергеу мәліметінше, 41 жастағы жүргізуші бұрымдыны алдымен зорлап, кейін өлтіріп, ізін жасыру үшін денесін көл маңына көміп кеткен. 

Бірақ, көп ұзамай қаскөй марқұмның мәйітін қазып алып, шатқалға лақтыра салған екен. Күдікке ілінген Бішкек қаласының тұрғыны бұған дейін де бірнеше мәрте сотталған болып шықты. Айдың күннің аманында қыздарынан айырылған отбасы қаныпезердің қатаң жазаға тартылуын талап еткен еді. Бұл істі қазір ел президенті жеке бақылауына алған.