Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың Instagram мен TikTok әлеуметтік желілеріне кіруіне заңмен тыйым салу мәселесін нақты қолға алды. Қазіргі таңда жеткіншектерді әлеуметтік желілерден шектеуге бағытталған заң жобасы сараптамадан өтіп, жақын арада қоғамдық талқылауға шығарылмақ. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Заң күшіне енген жағдайда, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне және аккаунт ашуына жол берілмейді. Сонымен қатар, қолданушылардың жасын анықтау тетігі де әзірленіп жатыр.

Министрдің айтуынша, бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп жұмыс істеуде. Қажет болған жағдайда жауапкершілік шараларын енгізу де қарастырылмақ.

Айта кетейік, әзірге нақты қай әлеуметтік желілерге тыйым салынатыны ресми түрде жарияланған жоқ. Дегенмен, бұған дейін ведомство WhatsApp пен Telegram секілді мессенджерлерге бұл шектеу қолданылмайтынын хабарлаған.

Заң бастамасын Мәжіліс депутаттары жалпы қолдағанымен, жас шегіне қатысты пікірлер әртүрлі. Кейбір депутаттар 16 жастағы жасөспірімдерді толық шектеудің қажеті жоқ деп есептейді.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың айтуынша, 16 жастағы балалар қоғам өміріне бейімделе бастаған тұлғалар, сондықтан шектеуді 12–13 жасқа дейінгі балаларға ғана қолданған жөн.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерге шектеу іс жүзінде қалай жүзеге асатыны нақты белгісіз. Депутаттар бұл мәселеде Франция, Испания және Норвегия сияқты елдердің тәжірибесін ескеруді ұсынды.