1,5 млн теңге: Қосшыда ер адам әлеуметтік желіде танысқан қалыңдығына алданып қалды
Ақмола облысы, Қосшы қаласында 28 жастағы ер адам әлеуметтік желіде танысқан қалыңдығына алданып, 1,5 миллион теңге көлемінде шығынға ұшырады, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Полицияның мәліметінше, алаяқтық фактісі бойынша арыз 31 қаңтарда Қосшы қаласының полиция бөліміне түскен. Арызданушы былтыр тамыз айында қызбен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Бірнеше кездесуден кейін жұп бірге тұруға шешім қабылдап, елордадан пәтер жалдаған.
"Жігіттің ата-анасы болашақ ерлі-зайыптыларға баспана алуға көмектесу мақсатында 950 мың теңге берген. Сонымен қатар болашақ келінге 600 мың теңгеден астам сомаға алтын әшекейлер сатып алынған. Алайда көп ұзамай қыз байланысқа шықпай, қоңыраулар мен хабарламаларға жауап беруді тоқтатқан. Тергеу барысында әйелдің бұрын тұрмыс құрғаны және үш баласы бар екені анықталды", – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің орналасқан жерін анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.