Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікпен Проблемалық кредиттер қоры АҚ басқармасының бұрынғы төрағасын ұстады.

Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті жекеменшік иесіне қорға аударылуға тиіс кепіл мүлкін сатудан түскен қаражатты ұстап қалу құқығын заңсыз беріп, мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде залал келтірген. Сонымен қатар, ол мемлекеттік мүлікті төмендетілген бағамен сатқан. Соның салдарынан бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаражат түспей қалған.

Бұдан бөлек, құжаттарды қолдан жасау арқылы кепілге қойылған жер учаскелерін сатып, қорға 800 млн теңге көлемінде залал келтірген борышкер компаниялардың меншік иесі мен оның сыбайластары да ұсталды.

Соттың санкциясымен күдіктілер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190 және 361-баптары бойынша қамауға алынып, олардың мүлкіне тыйым салынды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.