Үкіметтегілер ақпанның соңына дейін кәдеге жарату төлемінің мөлшерлемесін бекітеді. Алайда сарапшылар бұған наразылық білдіріп отыр. Айтуларынша, алымның мөлшерлемесін белгілеу үшін ұзақ уақыттың қажеті жоқ. Тіпті, кей азамат экология министрлігінің президент тапсырмасын бұрмалап отырғанын айтады, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

Жүргізушілердің көбі көлік бағасының түсетініне сеніп отыр. Ал көлік сарапшысы Бағдәулет Талипов екінші нарықтағы көліктердің құны туралы сөз қозғауға ерте екенін айтады. Жауаптылардың көздегені шетелден келетін көліктер емес екен.

"Басты назар ескі көліктердің утилизациялық алым бағасының көтерілуіне бағытталып отыр. Бұл да нарықтағы бағалардың өзгеруіне әсер етеді деген сөз", – деді Бағдаулет Талипов.


Оқи отырыңыз: РОП операторының активтері мемлекет меншігіне берілді


"Утиль алымға жол жоқ" қозғалысының белсендісі Нұраддин Садық утилизациялық алымның көлемін пайызбен емес, еселеп азайту керек, дейді. Өндірушінің кеңейтілген операторының құзырын "Жасыл дамуға" ауыстыру адамды алдау екенін айтқан Нұраддин Садықов "компаниялардың орны ауысқанымен нәтиже баяғыша болады", деп отыр.

Белсенді жеңіл автокөліктерге утилизациялық алым 0, 50 және 100 мың теңге болуы керек деп есептейді. Машинаны алғашқы есепке тіркеу мөлшері де сол 100 мың теңгеден аспауы тиіс. Мұнымен қатар, Нұраддин Садықов техникалық регламенттегі sos секілді батырмаларды алып тастау қажеттілігіне тоқталды. Өйткені, шетелден көлік әкелген адам бұл үшін 500 мың теңге төлейді. Осы ұсыныстар қабылданған жағдайда көлік бағасы бір, бір жарым жылда 2 есеге арзандайды. Бірақ үкіметтің қандай өзгеріс енгізетіні әзірге белгісіз. Ақпан айының соңына дейін утилизациялық алымға байланысты нақты шешім қабылданады.

Еске салсақ, РОП операторының активтері мемлекет меншігіне берілгені туралы хабарлаған едік. Міндеттемелерді әкімшілендіру функцияларын мемлекеттік ұйым – "Жасыл даму" АҚ орындайтын болды.