Назарбаевқа "Құрметті сенатор" төсбелгісі тапсырылды
Төсбелгіні Дәриға Назарбаева тапсырды
Төсбелгіні тапсыру салтында Сенат төрағасы:
– Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құрметті сенатор" мәртебесін беру бастамасын барлық сенаторлар бір ауыздан қолдап, мақұлданды, – деді.
Назарбаевтың сенатор ретінде қандай құқықтары бар?
Дәриға Назарбаева Нұрсұлтан Назарбаевтың Сенаттың барлық отырысына, комитеті отырыстарына, соның ішінде ашық отырыстарға да, заң жобаларын және басқа да мәселелер бойынша талқылауларға қатысып, өзінің ой-пікірін білдіре алатынын жеткізді.
– Еуразиялық экономикалық одақ та, оның алдында Түркі әлемі мемлекеттерінің кеңесі, барлығы да Елбасыны бекерден-бекерге құрметті төраға етіп сайлап отырған жоқ. Елбасының өмірлік тәжірибесін, мүмкіндігін пайдалану керек, – деді Сенат төрағасы.
Назарбаев: "Әлі бірге жұмыс істеп келеміз"
Тәуелсіздік алғалы жемісті жұмыс жасап келе жатқанын айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы осы айда өзінің Қазақстанға бірінші басшы болғанына 30 жыл толғанын есіне алды.
– Менің Елбасы болғалы осы айда 30 жыл толады екен. Қарап отырсам, осында отырған біраздарыңызбен бірге жұмыс істеп, бірге келеміз, – деді Елбасы.
Елбасы тәуелсіздік жылдары бастан кешкен қиын-қыстау күндерді еске алып, өзі құрған қос палаталы Парламенттің жұмысына жоғары баға берді. Әрі бүгін беріп отырған төсбелгі мен куәлік үшін рақметін айтты.
Назарбаевтан кейін сенаторлар Бақытжан Жұмағұлов, Ольга Перепечина, Мұрат Бақтияров сөз сөйлеп, Назарбаевтің өлшеусіз еңбегін атады.
Бақытжан Смағұлов:
– "Құрметті сенатор" мәртебесінің берілуімен шын жүректен құттықтаймыз. Бұл елімізде бірінші рет болып отыр. Егемен еліміздің негізін қалаушы ретінде өз өкілеттігіңізді саналы түрде тапсырып бердіңіз. Сіздің еңбегіңіздің ұшан теңіз екенін әлем біледі. Сіз түркі әлемінің көк туы болдыңыз, ЕЭО құрметті төрағасы болдыңыз, – деген сенатор "Нұрсұлтанның нұрлы жолынан" ауытқымайтындарын жеткізді.
"30 жылдықты атап өту керек"
Жиналыс соңында Назарбаев сөз сұрады. Елбасы 2019 жылы 20 маусымда Қазақстанға бірінші басшы болып келгеніне 30 жыл толатынын, бұл датаны атап өту керек екенін қайталай ескертті.
Ол:
– Мен бірінші басшы боп келгенде Бірғаным Әйтімова кішкентай қыз болатын. Кейін дипломат болды, Мұхтар Құлмұхамедпен де көп жыддан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Баспасөз хатшысы болды, министр болды.
Бақытжан Жұмағұлов та 30 жыл бірге. Рашид Түсіпбековпен де бірге келе жатырмыз – деді Елбасы.
Сонымен бірге Айдос Үкібавтың атын атап, сол жылдары түсірілген фильмдерді көрсетуді тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяны
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Қазақ ССР-ның Алматы қаласының іргесіндегі Шамалған ауылында дүниеге келді.
1967 жылы Назарбаев Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы ЖТОО-ны бітірді.
1960-1969 жылдары Қарағанды металлургиялық комбинатында жұмыс істеді. 1969-1979 жылдары Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы партиялық, комсмолдық қызметте болды және Қарағанды облыстық партия комитетінде еңбек етті.
1979-1984 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті хатшысы болды.
1984-1989 жылдары Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
1989-2019 жылдары Қазақстанның бірінші басшысы болды
1989-1991 жылдары – Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы.
1990 жылдың ақпан-сәуір айларында Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің төрағасы қызметін қатар атқарды.
1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстанда алғашқы жалпыхалықтық Президенттік сайлау өтіп, Назарбаев сайлаушылардың 98,7% қолдауына ие болды.
1995 жылы 29 сәуірде жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Президенттік өкілеттігі 2000 жылға дейін созылды.
1999 жылдың 10 қаңтарындағы сайлау барысында Назарбаев сайлаушылардың 80% дауысын иеленіп, Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланды.
2005 жылдың 4 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 91,15% дауысымен Қазақстан Президенті болды.
2011 жылдың 3 сәуірінде кезектен тыс сайлау кезінде Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 95,55% дауысын жинап, Қазақстан Президенті болып төртінші рет сайланды.
2015 жылдың 26 сәуірінде соңғы кезектен тыс Президенттік сайлауда Назарбаев сайлаушылардың 97,75% дауысымен тағы да жеңіске жетті.
2019 жылдың 19 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев мерзімінен бұрын Президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді.
Құрметті атақтары
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, "Елбасы" мәртебесінің иегері, "Нұр Отан" партиясының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, Қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығының төрағасы, Назарбаев Университеті Жоғарғы қамқоршылық кеңесінің төрағасы.
2019 жылы Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің өмір бойы "Құрметті төрағасы", Еуразиялық экономикалық кеңестің "Құрметті төрағасы", ҚР Сенатының "Құрметті сенаторы" мәртебелі атқатары берілді.
Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі. Құрметті профессор және бірқатар шетелдік және отандық университеттің құрметті докторы.
Көптеген кітап пен ғылыми мақала авторы. Көптеген кеңестік, қазақстандық және шетелдік орден-медальдермен марапатталған.