Назарбаев көпбалалы аналар мен оралмандарға көмек сұрай бермей, жұмыс істеу керек деді
Біздің кандидатымыз Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті
– Алға ілгерілеу үшін жетекші саяси күштің, қоғамның бірлігі қажет. Бүгін біз ел дамуының негізгі бағыттары бойынша біраз мәселе туралы айтатын боламыз, Партия мүшелерінің қатысуымен Саяси кеңестің кеңейтілген отырысына жиналып отырмыз. Үкімет мүшелері, партияның Мәжілістегі фракциясы, облыстардағы филиалдардың жетекшілері қатысып отыр, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
– Биыл партиямыз үшін, еліміз үшін ауқымды жұмыстың атқарылып жатқанын білеміз. Екі съезд өткіздік, партиямыздың 20 жылдығын атап өттік. Маусым айында Президент сайлауында біздің кандидатымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеңіске жетті.
Елбасы Тәуелсіздік жылдарында еліміздің билік партиясы атқарған жұмыстардың барлығын халықтың көріп отырғанын атап өтті.
– Өмір бір орнында тұрмайды. Бәрі өзгеріске ұшырап жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
– Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрақсыздық кезеңінде алға ілгерілеу үшін жетекші саяси күштің ішінде, сонымен қатар қоғамдағы бірлік қажет. Онсыз үлкен міндеттерді орындау мүмкін емес. Жаңа саяси жағдайда партияның рөлі айтарлықтай өсе түседі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Саяси тұрақсыздықтан бірінші кезекте кім зардап шегеді?
– Қарапайым халық. Халықтың өмір сүру деңгейі нашарлайды, себебі экономика құлдырайды. Біреулер шу шығарады, шығып сөз сөйлейді. Демонстрациялар, шерулер және тағы басқа. Тәртіп, билік жоқ жерде проблема шешілмейді. Әр адамның, елдің қауіпсіздігі бұзылады. Күнделікті тұрмыстық, экономикалық проблемалармен айналысуға уақыт болмайды. Қоғамды қайта-қайта дүрліктіретіндердің барлығына тағы бір рет айтарым: барлық сайлаулар конституциялық мерзімдерде өтеді. Осымен бұл тақырыпты жабайық, – деді Елбасы.
Назарабев "Nur Otan" фракциясы басшысы қызметіне Нығматулинді ұсынды
– Біз әлі де болса ескіше жұмыс істеп келеміз. Бізде фракция түсінігі күлкілі болып көрінеді. Қай кезде болды? Фракция дегенді біз көргеніміз де жоқ. Әлі күнге дейін фракция ның күш екенін білмейміз. Көп жағдайда сол айқындайды. Фракция Премьер-Министр кандидатурасын айқындады. Жаңа заңға сәйкес министрлерді де өткізуі тиіс. Неге бірде-біреуін қабылдамады? Неге жұмысқа ұқыпсыздығы үшін лауазымынан алып тастауды ұсынбады? – деді Елбасы.
– Фракция мықты болуы тиіс. Сонда ғана оның беделі жоғары болады.
– Исімбаева (ҚР Парламенті Мәжілісіндегі "Nur Otan" партиясы франкциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаева) басқаратын бүгінгі фракция жаман жұмыс істеп жатқан жоқ. Бірақ, әлемнің басқа елдерінде бар ережеге арқа сүйей отырып, біздің Мәжілістегі фракциямыздың жетекшісі лауазымына Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің кандитатурасын ұсынамын, егер ол қарсы болмаса. Оның партия жұмысын күшейтіп, Мәжіліс спикері ретінде фракция жұмысын жандандыра алатындығына сенімдімін, – деді Назарбаев.
Жиында саяси кеңес бюросының құрамына өзгерістер енгізілді
"Nur Otan" партиясы саяси кеңесі бюросына мүше болып "Егемен Қазақстан" республикалық газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліні, партияның "Жас Отан" жастар қанатының көшбасшысы Дәулет Кәрібекті бюро мүшесі етіп сайлауды ұсынды.
Қатысушылар бұл шешімге бірауыздан қолдау білдіріп, дауыс берді.
Атап өтейік, бюроның жаңа мүшелері мемлекеттік қызметке ауысқан Мәулен Әшімбаев пен Бақыт Сұлтановтың орнына келді.
"Маған бер, менің балам көп, айлығым аз, бер" дейді
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында күн сайын жүздеген алғысөз сөйлеп, ел ішіне мыңнан астам сапарға шығуға тура келді. Себебі, ештеңе жоқ, айлық жоқ, дүкендер бос. Барлығы "бер" дейді. Мемлекетте жоқ болса қайдан береміз? Қазір де 30 жылғы ұранды көтереді. "Маған бер, менің балам көп, айлығым аз, бер" дейді.
Егер мемлекет жағдайларын шешіп берсе, "Аз, тағы да бер" дейді. Қараңыздар. Бір миллион оралманды шақырып, алып келдік. Бір де бір мемлекет оны жасаған жоқ. Алып келіп, "Жұмыс істеңдер, балаларың үйленсін, өссін" десек, олар тағы "Маған беріңдер" дейді. Жұмыс істеңдер. Жұмыс істемеуге болмайды. Мемлекет қаржысын жинайтын – ел, халық. Ол халық жұмыс істемесе, мемлекеттің қалтасында ақша болмаса, нені береміз деп айтып, нақты елге түсіндіру керек емес пе? Қалай қарайсыңдар?
Сондықтан форма, стиль, кабинет, отырыс, шенеуніктердің дресс-кодын тоқтату керек. Сайлаушыларға барып, мұғалім, дәрігер, өндіріс қызметкерлері секілді партияның қарапайым мүшелерінің мүдделерін қорғау керек. Басты ұран – халыққа жақын болу, – деді Назарбаев.
"Халықпен кездесіп, оларды тыңдаңыздар"
– Егер шағынды қарап, мәселелерді жедел түрде шешетін болсақ, жақсы болар еді. Ал, біз – керемет шенеунікпіз, бізге ұсақ-түйекпен айналысып қажет емес. Бізге ауқымды нәрсе керек боп тұрады. Жоқ. Адам өмірінде сол ең кішкентай мәселені маңызды. Ішетін суы жоқ. Бұл – әкімдерге жұмыс емес пе? Бұл – адамның өміріндегі ең басты мәселе. Егер ауылда жол болмаса, бұл – оның өмірі, ал біз үшін ұсақ-түйек міндет, – деді Елбасы.
– Біз ғаламдық мәселені қозғап, қолды алысқа сермейміз. Сондықтан адамдарға жақын болу керек. Партияның қоғамдық қабылдау бөлімдері жұмыс істеуі тиіс. Азаматтармен тұрақты түрде байланыс орнату қажет. Мемлекеттік орган басшылары, премьер-министр, министрлер, барлық деңгейдегі әкімдер азаматтармен кездесіп, оларды тыңдауы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев
"Nur Otan" партиясының төрағасы мәслихаттардың келесі сайлауы алғаш рет Мәжіліс секілді партиялық тізім бойынша өткізілетінін айтты.
Сонымен қатар, кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу туралы ұсыныстарға жауап берді.
– Біз азаматтардан, оппонетнтерден, блогерлерден мажоритарлық сайлау жүйесіне өту, кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу секілді ұсыныстар естиміз. Бүгін осыған жауап берейік, бұл жерде негізделген аргументтер жоқ. Әдеттегідей, тек әңгіме. Сөйлеген кезде құр сөз, ештеңе ұсынбайды. Еуропада елдердің 63 проценті пропорционалды жүйеде сайлау өткізеді. Пропорционалды үлгі үздік әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға, саяси партиялардың қызметін белсендіруге әсер етеді, – деді партия төрағасы.
Сессияны ақшамен жабады, біз қандай маман шығарамыз?
– Көптеген жоғары оқу орнында емтихан ақшамен тапсырылатынын білеміз. Әдеттегі сессия кезінде сынақ кітапшаларын, бағаларды сатып алады. Студенттер жатақханадан орын алуда, басқа да өмірлік мәселелерді шешу кезінде пара беруге мәжбүр болады. Бұл жастардың наразылығын тудырады. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде Кеңеске жоғары оқу орнындағы бұл мәселені зерттеп, талқылауға шығаруды тапсырамын. Қорытындысы бойынша шешім қабылдаймыз.
Жастардың өзі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға белсенді араласуы тиіс. Ақшаға сатып алынған білім қандай білім? Сонда қандай маман шығарамыз? – деді Назарбаев "Nur Otan" Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.
Ол Назарбаев университетін мысалға алып, ол жерде емтиханнан өту үшін ақша ұсынбайтынын айтты.
Редакторларға қысым көрсетілмеуі керек
– Партия алға қарай жылжитын, ақпараттық, идеологиялық саясатты жүргізуі тиіс. Бүгінгі таңда медиада шынайы бейнені бұлдырататын арналар көбейіп барады. Жай ғана бір сұрақты қойып "шындыққа сай келе ме, жоқ па біліп алыңдар" дейді. Партияның толық медиатобы, телевизиялық арнасы, газеттері аузын жауып отырады. Біздің орталық ақпараттық арналар да аузын ашпайды. Ой, қорқамыз... Бұрын мен керісінше, маған ақша төле, әйтпесе "сен туралы жаман жазамын" деген редакторларды жазалайтын едім. Әкімдер осы үшін ақша төлейтін.
Ал қазір "егер сен бірдеңе жазсаң, біреу арқылы сені жұмыстан шығарамын" деген бопса пайда болды. Біз оны білеміз. Егер осындай жағдай тіркелсе, қандай лауазымда болса да, жұмыстан шығарамыз. Кім болса, ол болсын, – деді Елбасы "Nur Otan" партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.
Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда кез келген мәселені республикалық деңгейдегі проблема етіп көрсету жағдайы белең алып бара жатқанын да айтты.
Интернет оған көмектесіп жатыр. Ешкім жауап бермейді. Партия жала жапқаны үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында заң қабылдау бастамасын көтеруі тиіс. Ешкім ешкімге істі абсурдқа дейін жеткізу құқығын берген жоқ. Дәстүрлі БАҚ позициясынан айырылып барады. Дәурен Абаев осы мәселе бойынша ойланып, жұмыс жүргізуі керек, – деді Назарбаев.
Телефондық құқық болмауы керек
– Шенеуніктер редакторларға қысым көрсетеді. Әртүрлі жолдармен сыни материалдардың жолын кеседі. Осыдан кейін қоғамдық санада балама шынайылық қалыптасады. "Nur Otan" сол себепті, өзінің ақпараттық стратегиясын қайта қарауы керек. Партиялық БАҚ шынайы әрі жедел ақпараттың көзіне айналып, оза жұмыс жүргізуі тиіс. Ең дарынды адамдарды тартып, лайықты айлық төленуі керек, – деді Елбасы.
"Баласының артынан соғым жіберетіндер әлі бар"
– 10 мың қазақстандық батыстың үздік университеттерінде білім алды. Олар сынақ үшін пара беруге болатыны туралы айтып көрсін. Ол жақта мұндай жоқ. Бізде неге бұлның әлі күнге дейін барын білмеймін. Көрдік қой кезінде. Баласының артынан қысқа қарай ауылдан соғым жібереді. Бітіргенде де, түскенде де жібереді. Әлі күнге сонымен жүріп келе жатырмыз. Ректорлармен де жұмыс істеу керек. Бірнеше жыл, тіпті 10-20 жыл отырған ректорлар бар, – деді Елбасы, мәселені Білім және Ғылым министірі Асхат Амағамбетовке бақылауды тапсырып.
– "Президент тағайындайды" дегеннен кетеміз. Жұмыс істейтін, балаларға жаны ашитын, білім беретін адамдарды қалдыру керек. Оны жасамасаң білім саласында ештеңе істей алмайсың, – деді Назарбаев.
Елбасының тапсырмасы аясында:
"Nur Otan" партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Асқар Мамин елімізде Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған әлеуметтік шаралар қалай іске асырылып жатқанын баяндады. Ол Елбасы партия алдына қойған міндеттерге сәйкес, күрделі мәселелердің оңтайлы жолын тауып, тиімді шешімдер қабылдап жатқанын айтты.
– Сіздің тапсырмаңыз бойынша, осы жылдың 1 сәуірінен бастап АӘК көлемі артты. Бірінші шілдеден бастап бала кезінен мүгедек балаларды бағу үшін мемлекеттік жәрдемақының көлемі ұлғайды. 1 маусымнан жалақысы аз бюджет қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға дейін көтерілді, – деді Үкімет басшысы.
Жеңілдетілген несиелеу жүйесі іске қосылды
– Жергілікті атқарушы органдардағы қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға көбейді. "Нұрлы жер" бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Тұрғын үй жинақ банкі арқылы аз қамтылған отбасыларға жеңілдетілген несиелеу жүйесі іске қосылды.
Бұл механизм осы жылдың шілдесінде бастап іске қосылды, алдағы үш жылда бұл бағытта 50 млрд теңгеден бөлінеді, – деді Премьер-министр.
100 мың оқушы кәсіпкерлікке тегін оқи алады
Үкімет басшысының айтуынша, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жоғары курстардағы 100 мың студент тегін түрде ЖОО-лар жанындағы "Кәсіпкерлік негізін" оқи алады. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында микронесиелеу шығындары 83 млрд теңгеге дейін артты.
Ал жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 18 мың адамға 18 млрд теңге көлемінде мемлекеттік грант бөлінеді.
Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға азайды
Азаматтарды жұмыспен қамту бағдарламаларына көптеп тарту үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 15 мобильді жұмыспен қамту орталығы ашылған. Жыл соңына дейін тағы 15 орталық жұмысын бастайды.
– Орташа есеппен елімізде жылына 300 мың жаңа жұмыс орны ашылады. 1 тамыздағы жағдай бойынша 227 мың жұмыс орны құрылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 13 пайызға артық көрсеткіш. Осының арқасында 7 айдың ішінде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға азайды, – деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының мәліметіне сүйенсек, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 30 миллиард теңге бөлінді.
Жыл аяғына дейін "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша 53 ауыл жаңғыртылады. Сумен қамтуды үшін 127 миллиард теңге бөлінді.
2019 жылы ауылдарды 63%, 2023 жылға қарай 100% ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған.