Тамыз айында бүкіл әлем Өкпе обырымен күрес күнін атап өтеді. Өкпе обыры – қатерлі ісіктің басқа түрлеріне қарағанда көптеген адамның өмірін жалмайтын ең көп таралған онкологиялық кеселдердің бірі. Қазақстанда өкпе қатерлі ісігі онкологиялық сырқаттанушылық құрылымында сүт безі обырынан (13,2%) кейінгі екінші орында (10%),  ал өлім құрылымында бірінші орында тұр.

Қазақстанда жыл сайын 3500-ге жуық адам өкпе обырымен ауырады. Күн сайын өкпенің қатерлі ісігі 6-7 қазақстандықтың өмірін қияды. Аурудың негізгі себебі – темекі шегу, оның ішінде пассивті шылым тарту да бар – барлық жағдайдың шамамен 90 пайызы. Сондай-ақ өкпе қатерлі ісігінің дамуы генетикалық сипатқа қатысты болуы мүмкін.

Ерте кезеңдерде ӨО еш симптомсыз болуы мүмкін, науқастардың тек 6 пайызына аурудың бірінші кезеңінде диагноз қойылады, бұл уақытта хирургиялық емдеу көрсетіледі. ӨО жағдайларының көпшілігі кеш кезеңдерде анықталады – осы уақытта пациентке инновациялық терапия қажет болуы мүмкін.

"Өкінішке қарай, Қазақстан Республикасында өкпенің қатерлі ісігі сияқты қауіпті аурудың дамуына әсер ететін көптеген фактор бар. Экологиялық жағдай, темекі шегу, сондай-ақ генетикалық факторлар аурудың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Өкпенің қатерлі ісігі біздің елімізде онкологияның барлық түрінің арасында таралуы бойынша екінші және өлім-жітім бойынша бірінші орында. Көбінесе өлім-жітім жағдайы кеселдің кеш анықталуының салдары болып табылады. Өкпенің қатерлі ісігі туралы хабардарлықты арттыру, онкологиялық сақтыққа тәрбиелеу және пациенттермен жұмыс жасау, оларды аурумен күресуге бейімдеу өте маңызды. Қазіргі заманғы ғылыми жетістіктер, атап айтқанда қазақстандық дәрігерлердің қолында бар инновациялық препараттар аурудың кеш сатысында да пациенттердің жағдайына қатысты болжамды жақсартуға мүмкіндік береді", – деді кеуде қуысы онкологы, химиотерапевт, "ҚазОРҒЗИ" АҚ Рабиға Қадырбаева. 


Оқи отырыңыз: "Гендерлік ауру": Неге әйелдердің буындары көбірек ауырады? Ревматолог дәрігермен сұхбат


"ҚазОРҒЗИ" АҚ химиотерапия күндізгі стационары бөлімшесінің меңгерушісі Қалдыгүл Смағұлова өкпе қатерлі ісігінің алдын алудың маңызды аспектілері қатарында темекі шегумен күресу, салауатты өмір салты бар екеніне тоқталды. 

"Ең тиімді скринингтік бағдарламаларды енгізу түріндегі ерте диагностика нәтижелерді жақсартуға айтарлықтай оң үлес қоса алады. Еліміздің тұрғындары арасында онкологиялық сақтықты дамыту ерекше қолдауды қажет етеді. Әрбір қазақстандық өзінде және жақындарында тұрақты жөтел, кеуде мүшелерінің жиіленген инфекциясы, тыныс алудың қиындауы, ентігу, ысқырықты сырылдар, қан түкіру, кеудедегі ауырсыну, айқын әлсіздік сияқты белгілердің пайда болуына назар аударуы тиіс. Уақтылы анықталған кесел – табысты күрестің кепілі. "Еркін тыныс ал" іс-шарасы – өкпенің қатерлі ісігі туралы білімді насихаттауға арналған тамаша бастама. Мұндай жобалардың республикада көбірек болуы маңызды", – деді Қалдыгүл Смағұлова.

"АстраЗенека Ю-Кей Лимитед" ЖАК өкілдігінің директоры Мария Шипулева өкпенің қатерлі ісігі ауруымен күресу – Қазақстандағы компаниялар жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. 

"Біз мыңдаған пациенттің өмір сүру сапасын сақтау жолында өлімге әкелетін осы кеселді созылмалы санатқа ауыстыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда өкпе обырының мақсатты және иммундық терапиясы үшін екі "АстраЗенека" препараты тіркелген. Біз сондай-ақ аурудың диагностикасын жақсарту бойынша жобаларды дамытудамыз, бұл пациенттердің денсаулығы мен өмір сапасына зиян келтіруді азайта отырып, тиімдірек емдеуге жекелендірілген тәсілді әзірлеуге мүмкіндік береді. Біз көптеген пациентке көмек қолын созу үшін инновациялық молекулаларды әзірлеу бойынша жұмысты жалғастырамыз", – деді Мария Шипулева.


Оқи отырыңыз: №9 диета деген не және қант диабетінен қалай сақтанған дұрыс? Эндокринолог кеңестері