Ұялы байланыс операторлары мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасындағы меморандумға сәйкес ұялы байланыс операторлары жобаны аяқтауға және 250-ден астам адам тұратын барлық ауылдарды 3G немесе 4G қызметтерімен қамтамасыз етуге міндеттелген.

"Аталған жоба бойынша әзірге 46 ауыл қамтылса, жыл соңына дейін 882 елді мекен қосылатын болады", – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін Қазақстан халқының 99,3% кеңжолақты интернет қолжетімді аумақта тұрады.

"Одан бөлек, халқы 250-ден аз 243 ауылда да кеңжолақты интернет желісі салынады. Жаңа оқу жылына дайындық бойынша да жұмыс жүргіздік. Интернетпен проблемасы бар мектептер және интернетпен қамтылмаған ауылдардағы оқушылар қалыпты режимде оқиды", – деді Ярошенко.

Оқи отырыңыз: Оқушылар сабақта маска тағып, қолғап киюі қажет пе? Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді


"Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев пандемия басталғалы интернет арқылы түсетін өтініштер саны артқанын айтты.

"Компаниямызға тәулігіне 2 500 өтініш келіп түседі. Абоненттерді біз әртүрлі әдіспен қосып жатырмыз. Білім беру нысандарын интернетпен қамту үшін шалғай ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады", – деді ол.

Биыл аймақтарға 9 мың шақырымнан астам желі тартылды. Жыл соңына дейін тағы 800-ден астам ауыл кең жолақты интернетпен қамтылады. Ол бойынша мобильді қызметтер де қосылады. Жоба елдің барлық облысында жүзеге асырылып жатыр.

"256-дан астам халқы бар ауылдарды қамту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Күні кеше өңірлерге шығуды бастадық. Ақмола облысындағы ауылдарды желіге қостық. "Қазақтелеком" АҚ оқу жылына сақадай сай. Жыл соңына дейін жұмыстың тиімділігін өздеріңіз көресіздер деп ойлаймын", – деді ол.

Қазақстанның 4 646 елді мекенінде кеңжолақты интернет қолжетімді

"Қазір кеңжолақты интернет желісі 6 459 елді мекеннің 4 646-на жүргізілді. Осы елдімекендерде 18,2 млн адам, яғни халықтың 97,3% тұрады, – дейді Виталий Ярошенко. – Бізге жыл соңына дейін байланыс операторларымен бірге 250 және одан көп адам тұратын елді мекендерді қамтамасыз ету тапсырылды. Қазіргі уақытта интернетпен қамтылмаған 882 ауыл қалды".

Оның айтуынша, ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету үшін екі жоба бар.

№1. Талшықты-оптикалық байланыс желісі технологиясы бойынша елді мекендерді кеңжолақты қолжетімділікпен қамту

Ол бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асырылады. Мемлекет мектеп, аурухана, әкімдіктерге кеңжолақты интернетті қолжетімді ету үшін қызметті сатып алады. Жыл соңына дейін мұндай 1 257 ауылдағы 3 718 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымдарды қамтиды. Қазір 230 ауыл қалды.

№2. 250 және одан көп адам тұратын елді мекендерге интернет жеткізу

Бұл жоба ұялы байланыс операторлары мен министрлік арасындағы меморандумға сәйкес атқарылады.