Министрлер халыққа адал қызмет етуге ант берді. Жаңалықтарға шолу
Доллар екі теңгеге қымбаттады
Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сауда сессиясында АҚШ валютасының орташа бағамы – 378,28 теңге.
Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды
Ол бұған дейін ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин облыс әкімдігінің активіне өңірдің жаңа әкімін таныстырды. Үкімет басшысы Оңдасын Оралазинді әр түрлі басқарушылық лауазымдарда тәжірибе жинақтағанын, соның ішінде бұған дейін Ақтөбе облысының әкімі орынбасары болғанын да тілге тиек етті.
Облыстың бұрынғы басшысы Б.Сапарбаев кеше ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындалған еді.
Жаңадан тағайындалған министрлер ант берді
Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов салтанатты түрде ант берді.
Шенеуніктер Қазақстан халқы мен Президенті алдында елдің экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш жігері мен білімін жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, халыққа адал қызмет етуге ант берді.
Ауыл әкімі тұрғындарға өз үйінің жұмыстарын жасатқан
Қызылорда облысы Жосалы ауылының әкімі Сәрсенкүл Есқалиева ауылдастырын өз үйінің құрылыс жұмыстарына салған. Тұрғындар әкімнің елді мекенді абаттандырудың орнына өз үйінің құрылысына жерлестерін жегіп, шектен шыққанына шағымданды. Тағы бір тұрғын Келтеарық ауылының каналын тазалауға үкіметтен 1 миллион 800 мың бөлінгенмен, бүгінге дейін ешқандай да тазаланбағанын жайып салды.
Өз кезегінде әкім ауылдастарын өз келісімімен демалыс күндері жұмсағаным рас деп міз бақпай отыр. Мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін арнайы комиссия құрылып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қатерлі ісікке қарсы екпе аурудың алдын алуға көмектеседі
ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов осылай дейді. Айтуынша, екпеге қарсы пікір білдіретін блогерлер халықтың оған қарсылығын туындатып отыр. Соған қарамастан Министрлік обыр дертіне қарсы екпе салудың кешенді жоспарын әзірлемекші.
Архимед Мұхамбетов қарамағындағылардың жұмысын қатаң сынға алды
Қостанай облысы тұрғындары орталықтандырылған газ жүйесіне қосылуға асығар емес. Мәселен, Қашар селосында 12 мың тұрғынның 283-і немесе 2%-ы ғана көгілдір отынды үйіне тартқан. Айтуларынша, оның бағасы да, қызметтің құны да қымбат. Өңір басшысы А.Мұхамедиұлы шенеуніктерге мәселенің шұғыл шешімін тауып, тұрғындарға газ тартудың балама нұсқасын ұсынуды тапсырды.
Қарағандыда аурухана өртенді
Облыстық травматология орталығының медбике ғимаратында жиһаз, тұрмыстық техника, ағаш қабырға отқа оранған. Барлығы 20 шаршы метр жерді жалын шарпыған. Құтқарушылар оқиға орнынан 22 емделуші мен мекеменің 3 қызметкерін құтқарып, өртті бір сағатқа жетпейтін уақытта ауыздықтаған. Қазір өрттің себептері анықталып жатыр.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Қазақстанда қанша министр сотталды. Осы уақытқа дейін елімізде 2 Премьер-Министр, 22 министр, агенттік төрағасы мен олардың орынбасары, 17 облыс пен қала әкімі, 11 ұлттық компания басшысы, 8 генерал жемқорлық үшін сотталды.
Baq.kz: Қазақ тілін ағылшын-латын графикасымен үйрететін мобильдік қосымша пайда болды. Мемлекеттік тілді дамыту қорының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл "Soyle.kz" онлайн-курсының ағылшынша және латын графикасындағы нұсқасы, Android пен iOs платформаларындағы "Balasoyle" мобильді қосымшасы, "Ұлы дала аңыздары" ("Легенды великой степи") веб-графикалық романдар сериясы, қазақ тілін үйренуге арналған Soyletube видеожобасы.
24.kz: Қазақстандық жастардың 62 пайызы баспанаға мұқтаж. Қазақстанда 29 жасқа дейінгі азаматтардың саны – 4 млн. Кезінде жас отбасыларды пәтермен қамту үшін 2020 жылға дейінгі арнайы бағдарлама да түзілді. Бірақ, жоба осыдан 2 жыл бұрын тоқтап қалды. Ал қазіргі 7-20-25 бағдарламасы арқылы үй алайын десе, алғашқы жарнаға қаражат жетпейді. Бұған қоса ай сайынғы төлемді өтеу де оңай емес. Себебі жастардың айлығы мардымсыз.