"Медицина қызметкерлері бір жұмысты екі мәрте істеуге мәжбүр". Депутаттар Damu Med жүйесін сынға алды
Олардың сөзінше, DamuMed Денсаулық сақтау министрлігінің басқа порталдарымен интеграцияланбаған.Nur Otan фракциясының депутаттары Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалдарында DamuMed ақпараттық жүйесінің кемшіліктері туралы мәлімдеді.
Олардың сөзінше, алғашқы медициналық-санитарлық көмек беретін медицина қызметкерлері науқастар туралы деректерді бір уақытта 14 ақпараттық жүйеге толтыруға мәжбүр. Атап айтқанда "Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімі", "емдеуге жатқызу бюросы", "дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ақпараттық жүйесі", "жүкті әйелдер мен бала көтеретін жастағы әйелдердің регистрі", "тіркелген халық тіркелімі" және басқалары.
Депутаттар DamuMed ақпараттық жүйесінің жетілмегендігі сенімді статистикалық ақпараттың болмауына әкелгенін, есептілік нысандары бойынша барлық ақпаратты алуға мүмкіндік жоқ екенін атап өтті.
"Ең бастысы, DamuMed Денсаулық сақтау министрлігінің басқа порталдарымен интеграцияланбаған. Егер бір пациентті қарауға белгіленген уақыт нормасы 15 минут болса, онда дәрігер бұл уақытты пациентті тексеруге емес, ақпараттық жүйеде деректерді дұрыс толтыруға жұмсайды. Медицина қызметкерлеріне екі жұмыс жасауға тура келеді. Алдымен Порталдарға, содан кейін DamuMed-ке деректерді енгізу керек. Бұл уақытты босқа жоғалтура әкеледі", – делінген депутаттық сауалда.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың электронды денсаулық паспорты eGov порталында. Жүйе қалай жұмыс істейді?
Сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде көрсетілетін қызметтер тізбесінің бір бөлігі тарификаторда жоқ және бағалау мүмкін емес немесе өзіндік құны нақты шығындардан бірнеше есе аз. Соның ішінде зертханалық зерттеулер бар. Мәселен, хирургтың қабылдауы – 1 690 теңге, ЛОР-дәрігері – 1 591 теңге, қуықтың ультрадыбыстық зерттеуі 950 теңге деп бағаланады.
"Жыл сайын медициналық ұйымдар осы DamuMed жүйесінде қызмет көрсетуге келісімшарттар жасайды. Ақпараттық жүйеде жұмыс істеу үшін дәрігердің бір логині (электронды кілт) – 5 000 теңге, мейірбикенің бір логині – 3 000 теңге, бір зертханалық анализаторды қосу 20 000 теңге тұрады. Мұны аурухана қызметкерлерінің санына көбейтіп, ай сайынғы төлемді ескерсеңіз, онда миллиондаған теңге шығады", – делінген депутаттық сауалда.
Депутаттар:
- ақпараттық жүйелердің толық интеграциясын енгізуді;
- пациенттер туралы ақпаратты енгізуді жеңілдету, дәрігерлік және орта медицина қызметкерлерін өздеріне тән емес міндеттерден босату;
- медициналық қызметтердің тарификаторын қайта қарауды ұсынды.